Жаңа кітаптар
2021-07-29
Годфри Лайас
AmalBooks баспасынан жарық көрген бұл кітаптың авторы ағылшынның Годфри Лайас деген тарихшысы. Кітап қытай коммунистеріне қарсы ұлт-азаттық көтерілісін жүргізген Шыңжаң, Алтай қазақтарының азаттық жолындағы күресіне арналған. Деректі еңбектің басты кейіпкерлері көтерісшілердің көсемі болған Қалибек, Хамза, Оспан батырлар. Олардың тәуелсіздік үшін күрескен ерлік жорықтары, артына ерген елді сақтап қалудағы тар жол, тайғақ кешулері, азапты жолдары, соған шыдай білген төзімділіктері сырт көз, өзге жұрттың таңырқай баяндауымен өте нанымды берілген. Кітап авторы тарихшы-ғалым болғандықтан да нақты деректен ауытқымай, қоспасыз шындықты суреттеген. Шығарма осынысымен де құнды. Ал, бұл еңбек туралы мақаланы ғаламтордан көріп қалып, оны терең зерттеп, кітаптың авторлық құқық иелерімен келісімге келіп, оны аударатын аудармашы таппай, ақыр аяғында өзі аударған, кітаптың безендірілуі үшін суретші, фотографтармен жұмыс істеп, сапалы кітапты жарыққа шығарған AmalBooks баспасының негізін қалаушы Бақытжан Бұқарбай бауырымыздың жанкешті еңбегі ұшан теңіз. Құнды еңбектің бір данасы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітап палатасының «Міндетті даналарды қабылдау және бақылау бөліміне» келіп түсті. Рухани дүниеге сусап жүрген елден алдымен сүйінші сұрап, хабар таратуды жөн көрдік. Ендігі бағасын қалың оқырман мен зерттеуші, сыншылар берсін.