Жаңа кітаптар
2021-07-29
Жетысу жер жаннаты ән қанатында
Қолымызда - қазақтың белгілі дирижер-композиторы Әли Алпысбаевтың «Алматы-Болашақ» баспасынан шыққан «Жетісу жер жәннаты ән қанатында» еңбегі. Кітап Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылатуқазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көрген.
Қазақ – өнерпазы төрге оздырып, өзі босағада ән тыңдаса да мейірі қанып, санасы саябыр тауып, керемет мамыражай болмысқа енетін халық. Домбыраны қоржын басына қонжитып, өзі қызылды-жасылды киінген сал-серілер, оны қаумалаған қыз-қырқын мен жігіт-желең - ұлт тарихындағы, қазақтың өткеніндегі менмұндалаған сағым іспетті қуатты картина.
Қазақтың ән өнері - бабадан балаға мұра болып, заман өзгерген сайын құны артып келе жатқан құндылық. Бүгінде әннің бағыты да, бағдары да, болмысы да өзгерді. Десек те, қазақы саф өнердің ізін жалғап, қуаты жеткенше дамытуға үлес қосып келе жатқан азаматтар баршылық. Қатары сирек азаматтардың арасындағы шоқтығы биік композиторлардың бірі – Жетісудың жампоз ұлы Әли Алпысбаев.
Әли Демегенұлының «Жетісу жер жәннаты ән қанатында» атты сиясы кеппеген жаңа кітабына 100-ге тарта әнінің нотасы, 10-нан астам күй-поэмалар, бірнеше шекті аспапта орындалатын әуендер енген. Кітаптың кәсіби музыка өнеріне қосатын үлесі, тигізер пайдасы, берер ғибраты мол екеніне ешкім шүбә келтіре қоймас, сірә?!
Кітапқа алғысөз жазған Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры Әміре Әрін автор жайлы толғана жазып, оның азаматтық қасиеттерін сипаттаған. Ғұмырлық жолынан да бірқатар естелік келтіріпті. Осындай аз ғана лепестің өзі кітаптың алғашқы бетін ашқан оқырманды өз тереңіне иіріп әкетуге қауқарлы. Әсілі, құйма құлақ қандастар дүлдүлді тұрқынан танып, оның бойындағы білімнің бір пұшпағын болса да игеруге бейіл келеді.
Әділет Мәдениет, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының баспасөз хатшысы