Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі

Жаңалықтар

2026-06-22

Кітап палатасы халықаралық кітап көрмесінде Қазақстанның баспа өнімдерін таныстырды

2026 жылғы 17–21 маусым аралығында өткен Азиядағы ең ірі халықаралық кітап форумдарының бірі – Бейжің халықаралық кітап көрмесі табысты қорытындыланды.

Кітап палатасы халықаралық кітап көрмесінде Қазақстанның баспа өнімдерін таныстырды


     2026 жылғы 17–21 маусым аралығында өткен Азиядағы ең ірі халықаралық кітап форумдарының бірі – Бейжің халықаралық кітап көрмесі табысты қорытындыланды.
     Көрменің жалпы аумағы 60 000 шаршы метрді құрап, оған әлемнің 82 елі мен өңірінен 1700-ден астам қатысушы қатысты. Халықаралық баспа индустриясының жетекші өкілдері мен әлемге танымал баспалар бір алаңда бас қосып, жаңа басылымдар мен заманауи жобаларын таныстырды.
Биыл Қазақстан көрмеге алғаш рет ұлттық форматтағы жеке стендпен қатысып, 100-ге жуық отандық кітап пен баспа өнімін ұсынды. Көрме барысында қазақстандық әдебиеттің үздік үлгілері шетелдік оқырмандар мен баспа мамандарының назарына ұсынылып, халықаралық әріптестік байланыстарды нығайтуға бағытталған кездесулер өткізілді.
     Қазақстандық авторлардың кітаптарының таныстырылымдары ұйымдастырылып, баспа ісі, кітап саудасы және авторлық құқық салаларындағы халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалды.
     Бейжің халықаралық кітап көрмесіне қатысу қазақстандық кітап өнімдерін әлемдік нарықта насихаттауға, отандық әдебиеттің халықаралық беделін арттыруға және жаңа серіктестік байланыстар орнатуға маңызды үлес қосты.
     Қазақстанның халықаралық кітап кеңістігіндегі орны нығайып, ұлттық әдебиетті әлемге таныту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.