Жаңалықтар
2022-10-20
Шерхан Мұртазаға еңселі ескерткіш қойылды
Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына орай Жамбыл облысында көлемді іс-шаралар басталды. Бүгін Тараз қаласында қаламгердің еңселі ескерткіші ашылды.
Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі Көрме павильонында «Шерхантаным: қазіргі қазақ әдебиеті мен қазақ баспасөзінің даму тенденциялары» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтеді. Аталған конференция Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы-журналист – Мейрамбек Төлепбергеннің модераторлығымен жүзеге асады.
Мерейтой сағат 14:00-де Жуалы ауданы Талапты ауылындағы Шерхан Мұртазаның әдеби-мемориалды үйінің (өзі тұрған үйі) ашылу салтанатымен жалғасын табады. Сондай-ақ, «Шыңның жүзі – Шераға» республикалық ақындар мүшайрасының және «Ақиқаттың ақ туы» республикалық қаламгерлер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. Іс-шаралар легі ақындар айтысымен, облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланады.
Мемлекет және қоғам қайраткері, халық жазушысы Ш.Мұртазаның 90 жылдық мерейтойын атап өтуге негізделген іс-шараларға шақырылған құрметті қонақтар қатарындаақын, жазушы, Қазақстанның Еңбек ері Мұхтар Шаханов, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, доктор, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі М. Құл-Мұхамед, Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі Қыдырәлі Дархан Қуандықұлы, жазушы, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин сынды белгілі тұлғалар бар.