Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй. 8 (727) 397-61-15
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы
Басты бет / Жаңалықтар / Әбдіжәмил НҰРПЕЙІСОВ: Жастар алдарына үлкен мақсат қойып, соған жете білсін!
Әбдіжәмил НҰРПЕЙІСОВ: Жастар алдарына үлкен мақсат қойып, соған жете білсін!
17-03-2020

ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының «Асыл сөз» бағдарламасының алғашқы қонағы – Әбдіжәмил Нұрпейісовпен болған сұхбат «Алматы ақшамы» газетінің 17-наурыздағы №31 санында жарық көрді. 

Алдағы уақытта Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеұлы, Асанәлі Әшімов сынды Алаштың арда ұлдарының «асыл сөзі» оқырман назарына ұсынылады. 

***

ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының «Асыл сөз» сұхбат-жобасы ұлттың, мемлекеттің руханият, əдебиет, мəдениет жəне өнер салаларының дамуына сүбелі үлес қосқан қайраткерлерден, ақын-жазушылардан, өнер майталмандарынан сұхбат алып, жинақ шығаруды мақсат тұтыпты. Жобаны ұйымдастырушылар жыл бойы ел ағаларын, ақсақалдарды шақырып, олардың ғұмыр-тарихындағы керемет оқиғаларды саралап, əдебиет пен өнердің ахуалын зерделеп, аталған салалардағы жарық түспеген көлеңкелі қалтарыстарға сəуле жүгіртпек. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих десек, осы уақытқа дейін өзіміз рухани құндылыққа балайтын əдебиет пен өнер саласындағы мұраларымызды жинастыру құнтталмай келгені шындық. Күшпен жойылған қаншама жəдігер тағы бар. Міне, Кітап палатасы осы бағдарға ден қойып,  көзі тірі абыздардың ақжарма тілегін, сан қырлы əңгімесін, дауылды дəуірдің ащы шындығын өз ауыздарынан жазып алып, таспаға түсіріп, көпшіліктің назарына ұсынуды ниет етіпті. «Асылсөз» жобасының беташар сұхбаты  – қазақ əдебиетіне «Қанментер», «Соңғыпарыз», «Курляндия» сынды жауһар дүниелер əкелген алаштың ардақты жазушысы Əбдіжəмил Нұрпейісов ақсақалдың қатысуымен өрілген екен. 

Рухани құндылықтарымызды саралаған бұлтағылымды бастамаға қолдау білдіріп, əрі сəттілік тілей отырып, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Əділ ҚОЙТАНОВ жүргізген сол алғашқы сұхбатты оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн көрдік.

- Қадірлі Əб-аға! Кітап палатасының өзіндік үлкен тарихы бар, мекеменің құрылғанына да 80 жылданасыпкетті. Қазір 5 миллионнан астам газет-журналдар, кітаптар жиналған қорымыз бар. Біз ұжым болып бірқатар жобаларды жүзеге асырудамыз. ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының жанынан «Асыл сөз» айдарын аштық. Мақсат – қазақ зиялыларымен, сөзұстар, атқамінер азаматтарымен, көнекөз қариялармен сұхбат жүргізуді дəстүрге айналдыру.  «Асыл сөздің» төріне бүгін, міне, құрметті мейманымыз болып өзіңіз келіп отырсыз. Сіздің тағылымды туындыларыңызды оқып өскен жастар өзіңізбен жүзбе-жүз сырласу сəті келгеніне бек қуанышты. 

Сонау балалық шағыңызда Үшкөң деген туған же-ріңізден көшіп, Шалқарға барыпсыз. Бір замандас-тарыңыз кішкене күнінде тентек еді дейді. Бала күнінен мінезі танылған еді, жазушы болғаны да содан шығар деген əңгіме де айтылып жүр. Ғұмыр-тарихыңыздың алғашқы беттерін парақтасақ, балалық шағыңыз туралы айтып берсеңіз.

– Оны айта бастасақ бірнеше күн, бірнеше түн отыруға тура келетін шығар. Мен Шалқарға 1934 жылдың наурыз айында келдім. Үйіміз көшіп келді, дұрысы. 

Оның арғы жағында Үшкөң деген жер де тұрдық. Сол маңда Кішкене теңіз деген су, оның Қандыөзек деген өзегі бар-тын. Қыста қатып жарымайды, ағысы қатты, солөзектің беті аязды күндері кілегейленіп қана қататын. Соған аңқау түйелер талай түсіп кетті, дегенмен, балығы көп, берекелі жер еді. Атамыз, Нұрпейіс  –  мешіт ұстаған, елге қадірлі адам. Сол аймақтың қаншама баласы атамның алдынан тіл сындырды. Ал əлгі айтып отырған Үшкөң  –  бай адам. Оның əкесі Сламбайдың байлығында, тіпті, сан жоқ. Ұстайтын түлігінің дені – түйе мен жылқы. Сиырды сауып, айранын ішуге, құрт жасауға ғана, ал қойды сойысқа ғана ұстайды. Өмірінде шөп шаппаған кісі еді. Теңіздің жағасы ұшына қарасаң бас киімің жерге түсетін, ит тұмсығы батпайтын ну қамыс. Қысы-жазы малын қамысқа айдайды. 

«Қан мен тердің» екінші кітабындағы,  «Сергелдеңдегі» алғашқы сөйлем,  «біссмілласы» есімде. Сонда «...Жалғыз түйелі шолақ көш Көлқараны ңқұлауынан түсіп келе жатты...» деп жазылған. Сол Көлқарада 1931 жылы мектеп ашылған. Үлкендердің айтуынша, оқу бір ай кеш басталған, демек қазан айы. Мектебіміз бір бөлме домғана. Ортасы шымылдық пешпен бөлінген. Кіреберісте қазандық, қазан, шылапшын, отын дегендей... мұғаліміміз  –  Зəт деген жаңа үйленген жас жігіт. Отыратын жерімізде жермен-жексен болған ескі алаша, тақта жоқ, орнына үнді шайының жəшігінің біржақтауы жапсырылған. Он баламыз. Сол жерде он жеті күн, расында он екі-он үш күн ғана оқыдық. Кейде жас келіншек сырттан күтіп алып,  «балалар, бүгін сабақ болмайды, қонақ бар» дейді, бірде «домсалқын, қожайын ауырып жатыр» дейді. Сол аралықта екі ғана əріп үйрендім: «А жəне Б».

Көктемгі жуаның дəмі немесе қарын терезе 

Біздің Нұрпейіс атамыздың қызы Сағира апай Кенжебайдың Сахиы дегенге күйеуге шыққан. Мырзан деген тентек сол Сағира апамның баласы. Оқып жүргенде сол үйде болдым. Кейде қонақ келгенде көрші отырған Əбілəш деген сыныптасымның үйіне баратынмын. Бір ғана бөлме, бəрінде бір бөлмелі домол кезде. Терезесі кішкентай ғана, əйнек деген атымен жоқ. Сол терезеге əйнек орнына қойдың шелінен тазаланған жұп-жұқа қарынын ұстаған. Кейде сырттан келген желмен жыртылып кетеді. Сонда үйдің үлкендері:

– Əй, ана қойдың қарыны жарылды ғой. Тесігіне шүберек тығыңдар,  –  дейді. Міне, бұл  –  ашаршылық жылдарындағы елдің тұрмыс-тіршілігінің көрінісі. Бірақ теңіз жағасындамыз, «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деген бар ғой. Бізде үш-ақ адам өлді, бірі – Игілік деген ақсақал менің көз алдымда кетті. 

Сол мұғалім Зəттің келіншегі жап-жас, томпақ қараторы келіншек еді. Үзілісте кішкентай кесеге сүт құйып, үстіне сөк салып маған ғана береді. Мен оның неге олай істейтінін түсінбеймін. Бірақ ішімнен ырзашылығымды білдіремін. Содан оқығаныма он жеті күн өткенде кешкілік, намаздыгер-намазшамның уақытында біздің ауылдан, Үшкөңнен түйелі жігіт келді. Əжемнің қайтыс болғанын айтты. Мені баяғыда қайтыс болған Нұрпейіс атамның кенжесі дейтін. Əжемнің бауырында өстім. Сол күні Үшкөңге қайттым да одан əрі оқуға барғаным жоқ. Кейін жаз өтті, күз өтті, қыс өтті оқу жоқ. Көлқарадағы мектеп жабылып қалыпты. Шамамен, наурыз айы болса керек, жер алақар еді... соған кіші шешемнен туған бауырым Əбдіжəлелмен бірге барамыз. Əкемнің екі əйелі болған. Кіші шешемнен туған Əбдіжəлел менен бір жас кіші. Бір сахабаның екі ұлы болған екен: Əбдіжəмил жəне Əбдіжəлел. Соған ұйқастыра қойған əсілі. Екеуіміз жуа көктей бастаған уақытта теңіз жағасына барамыз. Соны теріп, жеп қайтамыз. Мал жоқ, сыпырып алған қолымыздан. Сөйтіп жүріп əкемнен үш-төрт жас үлкен досы Жасекен деген кісі бастап,  75  шақырым жердегі Жақайым-дардың ауылына көштік. Ауыл дегенім    600  отбасы, балық зауыты бар үлкен совхоз. Ол жақта Əзербайжаннан, Литвадан келген кісілердің  «Əй, қардаш!» деп қол жайып жүргенін талай көрдік. Бұлардың бəрі тағдыр айдаған, жер аударылғандар еді...

Наубайханадан нан ұрлайтын тентек...

Ол жақта мектеп қол созым жерде. Екінші сыныпта алфавитті толық үйрендім. Құланды деген жарты арал бар. Сол жерде мектеп, ауыл дегеннің бəрі қоныстанған. Тілеуқабақтардың жері, біз кірмеміз. Қабақтардың мектебінде оқыдым. Ауылда дүкенде бар, дүкенге қарсы жерде наубайхана бар. Наубайханада Төлеген деген қазақ жігіті бар. Сөйлегені де қызық, соның көмекшісі Арзу деген келіншек болған. Баласы Бақи деген тентек еді, мен емес ол тентек (күлді). Мойынға асатын киіз сөмкесі болатын. Екеуіміз дүкеннің артында жолығып, ол сөмкесін ұстап наубайханаға кіріп кететін. Ішінде дəптері де, кітабы да жоқ. Шыққанда сөмке толып шығушы еді. Іші толған нанның бұрышы. Көзін ала беріп сөмкесіне тыға берген ғой. Алғашқы сабақты жіберіп алатын едік сөйтіп. 

Мен ол кезде əкемнің тетелес інісі Нəжім орналастырып кеткен Қабақтың үйінде тұратынмын. Бір күні сол ағам кеп жағдай сұрады. Əжемнің бауырында еркелеп өскесін, алаңдайды, шамасы. Үй қожайындары қамыс əкел дейді, су əкел дейді. Осыны көргеннен кейін əкем екі айға жуық уақытта мені алып кетті, содан оқуға бармадым. Көкарал деген «арал»бар, ұзындығы жүз шақырымнан асады. Бұл – Арал теңізіндегі үлкен «аралдардың» бірі. Соның Сырдария өзеніне құятын тұмсық жағында «Ленин колхозы» деген кішкентай ауыл бар. Балық шаруашылығымен айналысатын. Жасекен мені мінгестіріп алды да Нəжім көкем хатшы болып жүрген Ақбасты деген ауыл бар, сонда алып барды. Көкаралға өтер тұста кішкентай ғана өзек бар, сондағы кемпір-шалдың үйіне келіп түстік. Үй егесі тіп-тік отыратын кісіекен. Ол кезде бөз деген дүние бар, сол бөзден дамбал-көйлек киген, сақал-шашы да, қас-кірпігі де, киген киіміде аппақ. Өзі ашуланып сөйлейтін. Біркезде:

–   Əй, Жасекен! Мына бала кімнің баласы, өзіңнің балаң ғой?  –  деді.

– Қалай менің балам болады... Кəрімнің баласы ғой? – деді Жасекен.

– Ə, онда жақсы болды. Мына кішігірім қозы-лағымыз бар еді, соны қайыру маған қиынға түсіп жүр. Баламды алып қаламын, – деді ақсақал. Бұған менің зəрем кетті. Бірақ ертеңіне алып қалмады, басымнан бір сипап қана қоштасып қала берді. Содан Жасекен екеуміз Нəжім көкеме қарай тартып отырдық. Көкем сол маңдағы Емберген деген алыстан қосылатын ағайынның үйінде жатыр екен. Анадай жерде ауыл кеңестің үйі жалғыз, беріректе біз, поселке арғы жақта. Көкеме еріп ауыл кеңеске бардым. Сол жерде жаңадан үйленген аппақ ақ келіншек хатшы екен. Өз баласы болмағасын ба, сол жерге барған сайын əлгі келіншек ыстық қоламтаға күлше пісіріп, қойныма тығып жіберетін.  34-ші жыл ғой, халық əлі нанға тоймаған уақыт. Соны жеп, тойып аламын (күлді).

Айтпақшы, əлгі ақ шал  –  «Қан мен тердегі» Сүйеуқарт. Бір кеш қана көрдім. Но, просто, ұмытылмай қалды. Жаңағы Домалақ деген жер  –  менің жетінші атам Боқан деген кісінің жері. Тентек адам болыпты, ол туралы замандасы Құлжан шайырдың:

Көлқара адыра қалғыр жердің тары,

Көктемде қатпар көшеді елдің бəрі.

Басына Домалақтың қонып алып,

Шаңдағын бұрқыратар Боқан əлі, – деп жырлаған. Ондай тентектік жеті ұрпағында, бізге дейін, меніңше. Кейінгілеріне оның тентектігі дарымайды.

... Кейінгі жылы наурыз айында бір түйемен Шалқарға көшіп келдік. Төбесі ғана орнында, есік-терезесі жоқ үйге тоқтадық. Сол жерден мені төртінші сыныпқа берді. Грамматика да, басқа да оқығаным жоқ...

Мен Шалқардан бесіншіні бітірдім. Содан кейін болмады. Кейін мектеп қарастырып жүргенде арғы бетте оқытады деп естіп, өтуді көздеймін ғой. Бірақ сексен шақырымдық жол қаршадай баланы алаңдатады. Сол теңізден өтетін «Орел» деген кеме болушы еді. Капитаны – бір тісі түсіп қалған Қожбан, моторисі – əйелі. Содан сол Қожбанның кемесіне мініп, арғы бетке өттім. Бара салып мектеп іздегенмін. Шевченко атындағы орта мектеп бар екен. Орыстың рыбопромышленниктері салған қос қабатты үйдің жартысы жердің астында, жартысы үстінде. Содан завуч ағайға келіп:

– Ағай, мен бесіншіден алтыншыға өттім. Шалқарда оқығанмын,  –  дедім.

– Куəлігіңқайда?  –  деп сұрады.

– Ағай, мен қазір Құланды жақтан келе жатырмын. Шалқарға барғанда ала келемін ғой,  –  дедім.

– Бар, онда «А» класына бар,  –  деді.

Сөйтіп, алтыншыны Аралдан, жетіншіні қайта Шалқардан бітірдім. Міне, айналайындар, менің бар оқуым  –  осы.

Замандастар хақында... 

Мен ана «Курляндияны» бітірген ненкейін бес ай өткенде Сəбит Мұқанов шақырды. Дайын беттерін бастыра бер деп жөн сілтеді. Бірақ қазақша басатын машинистка жоқ. Сəбит Мұқановтың, Мұхтар Əуезовтің, Ғабиден Мұстафиннің, Ғабит Мүсіреповтің өздерінің машинкалары да, машинсткалары да бар екен. Атын ұмытып отырмын, əйтеуір арабша жазуы бар-тын. Содан Сəбит:

– Сен анау «Социалистік Қазақстанға» бар,  –  деп ақыл айтты. Содан «Социалистік Қазақстанға» келдім. Келсем, төрт-бес келіншек отыр. Соның ішінде жасы қырықтарға таяған Бибатырова деген кісі менің жазбамды басуды Айша деген жас келіншекке тапсырды. Содан мен дайын беттерді алу үшін күнде келемін, əлгі Айшасы бар болғыр келген сайын күледі маған.

– Қайным, қателерің бар екен. Біраз жерін жөндедім, енді кешірерсің,  –  деп күледі. Мен қызарақтап-қызарақтап, керегімді аламын да тайып тұрамын. Біркүні, тіпті, бəрі күлді, ішінде əлгі «серьезная» келіншек Бибатырова да бар. Мен бұларға не болды деп аң-таңмын. Сөйтсем, мен жазған əлгі бетте переносты дұрыс жасамаппын. «Аман ба» деген сөзді тасымалдағанмын ғой.

– Əй, түге, қойыңдар болды!  –  деген Бибаты-рованың сөзінен кейін ғана əрең демімді алдым. Енді бізге əріп танытқан ұстазымыз Ақерке тыныс белгі деген дүниені білмейтін. Соғыстан қайтып келгенде Ақеркенің Əбділда деген ағасының үйіне бардым. Сол апайымның бір хаты қолыма түсе қалып, ашып оқыдым. Сөйтсек, ол кісі бүкіл сөзін бас əріппен жазады, оған қоса тыныс белгімен де аса дос емес екен. Мен сауатсыз осыны оқып тұрып оның сауатсыздығына таңқалдым. Біз осылай оқыдық қой(күліп).

Нəубет заманның естелігі...

...Менің əкемді 42-ші жылы əскер қатарына алды. Ол кезде оныншыны бітірген едім. Шешеміз ерте қайтты. Əкемнің екінші əйелі ол соғысқа аттанғанда екіқабат еді, ішінде үш айлық баласы қалды. Сол кішкентай дүниеге келді, қыз. Атын өзім Гүлжамал деп қойдым. 

42-ші жылы тамыз айында біздің əулеттен алты адам соғыста болдық. Əкемнің өзі, бірге туған екі інісі, мен жəне тағы немере екі інісі. Біз ең алдымен Куйбышев деген қалаға келдік. Ұзын состав, қызыл вагондар. Іші тола солдат. Куйбышевке сəл аялдап, ымырт үйірілген шақта «речной теплоходқа» отырғызды, үш қабатты. Содан түнімен жүріп отырып, Сталинградқа қырық екі шақырым жердегі Дубовка деген қалаға тоқтадық таң ата. Бұл уақытта Сталинградта қызыл қырғын соғыс жүріп жатқан. Дубовканың жоғары жағында үлкен сай бар екен, іші толған қой терісінен тігілген бөрік, ақ қалпақ, ала тақия, бір сөзбен айтқанда, өзбектер, қырғыздар, тəжіктер, қарақалпақтар...

Содан не керек, арада он бес-жиырма күн өткенде бəрімізді ерте тұрғызып, таңертеңгілік ас берді де басым көпшілігін Сталинградқа қарай бастады. Мені марштық батальонмен Астраханға жіберді. Күндіз жатамыз, күн бата жүреміз. Батыс жақта қырғын соғыс: самолет жиі ұшады, снарядтар оқтын-оқтын жарылып жатыр. Кейіннен білдік, жаңағы кеткендердің бəрі бір-бір оқ атқан күйі шейіт боп кетіпті Сталинградта. Əкем Украина түбінде  44-жылы қазатауыпты. Мен қайта-қайта оқу оқыдым. Солай соғысың да өткен...

...Əлгінде айтып өткен қарындасым жайлы айтайын. Менің кіші шешем орыс əдебиетіндегі ең сұсты əйел образдарының өзін белге қыстырып, жолда қалдырып кететін. Сол кісі қарындасымды жетіншіден кейін оқытпады. Содан күйеуге берді. Əкемнің Досқай деген алыс ағайыны бар-тын. Гүлжамал соның баласына тұрмысқа шықты. Құда болдық. Мен Алматыдағы Төлебаев улицандегі тоғыз пəтерлі үйде тұрдым. Үй үлкен. Сол үйдің залында жатырмыз, екеуіміз оны-мұны заманды еске алдық.

– Əй, Досеке, маған ана баяғыда Зəттің əйелі кесеге сөк салып беретін,  –  дегенім сол еді, ол домалап кеп күлсін. Мен: 

– Досеке, не болды,  –  деп басымды көтеріп алдым. Сөйтсем ол:

– Сенің əкең – Кəрекең сол келіншекпен көңілдес еді, – деп одан əрмен күлсін. 

Қазақта мақал бар ғой «Шал адам шынын айтамын деп сырын айтыпты деген». Сол сияқты ағам ауыл кеңестің əйелін алып, ол мені күлшемен асырады. Əлгі мұғалімнің əйелі аз толмас сөкпен асырады.

– Естелік əңгімелеріңізде Сəбит Мұқанов, Мұхтар Əуезов сынды алыптардың атын жиі айтасыз. Сол кісілермен бірге жүрген уақытқа оралсақ?!

– Енді, айналайындар, мен ол кісілерге парыздармын. Мүсірепов бар, Мұқанов, Мұстафин, Əуезов бар, ЦК-ның (ОрталықКомитеттің  –  редакция) идеологиялық хатшысы Ілияс Омаров бар, осындай кісілердің барлығы мені қолпаштап-ақ өтті. Бір ғана мысал  –  «Қан мен тер» редакциясыз шықты. Баспаның редакторы – Ғалым Ахметов деген семинария бітірген керемет адам. Сол кісі арнайы редакциядан кейін ақша төлейтін, ол кезде гонорар деген сұмдық. Ол баласынды ма, ақшасын алдын-ала алыпты. Артынша ол ақшаны «менің айлығымнан ұстаңдар» дей салды. Ғали Ормановтың да редакциясын қабылдамадым. Ғабдол Сламовтың да редакциясын қабылдамадым.  Бұл жайттың бəрін Сəбитке айтып:

– Мыналар осылай боп жатыр, директорға айтсаңшы, – деп ем, ол айтқысы келмеді шамасы:

– Сенмұны ЦК-дағы Ілияс Омаровқа айт,  –  деді. Ол алдында мені қабылдаған еді. Сəбең сонда Сейітжан Омаровты қосып, көлігін қосып берді. Ол кезде ЦК дегенің қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер университеті. Есігінің алдында милиция, арғы жағында мені инструкторлар күтіп тұр. Содан не керек Омаров мені өзі қабылдады, кетерімде Белинскийдің жинағын ұсынды.  (Ол менің кітапханамда əлі бар). Сосын жанындағыларғ ақарап:

– Əй, бəрің жабылып жүріп бір жас жігіттің кітабына редактор таба алмасаңдар, редакциясыз басамыз,  –  деді. Солай-ақ кетті, шырақтарым. 

Əуезов тағылымы

Бір күні Жазушылар одағының үйіне бардым. Іргетасы биік, еңселі ғимарат. Соның баспалдағынан Əуезов түсіп келе жатыр екен. Тұрған орнымда қаттым да қалдым. Басына шляпа киген, паң қалпы. Маған бұрылып:

– Əлгі роман жазып жүрген бала сен бе?  –  деп сұрады. Мен мақұлдап басизедім.

– Мен опера театрының қарсысындағы ғимараттың үшінші қабатында отырмын. Өзің таңдап үш үзінді алып кел,  –  деді. 

Содан үзіндімді таңдап алып ертеңіне бардым айтылған жерге. Кабинетікішкентайекен. Өзі үстелінде отырды, жанында қырғи ма, лашын ба əйтеуір бір құс бар. Алып барғанымды оқып бердім. Үнсіз тыңдап тұрды да, орнынан тұрып:

– Бала, оқтың тілі шолақ тіл. Мынаған біраз тіл тапқан екенсің,  –  деді. Сол екпінмен жазып кеттік қой.

– Əб-аға, Сіз елімізді отыз жылға жуық басқарған белгілі қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлымен де кездескен екенсіз, сол туралы айтсаңыз.

– Иə, ондай кездесулердің сəті түскен. Ол кезде жаспын ғой, қызбалығым да бар еді. Орыстілді бір азаматтың Жазушылар одағының төрағасы болып сайланғанын қаламадым. Содан Димаш Ахметұлының қабылдауына жазылдым. Ол кісінің уақыты болмай біраз уақыт өтіп кетті. Көмекшілерін қайта-қайта мазалап жүріп, ақыры қабылдауына кірдім. Ол кісі орнынан тұрып қарсы алды. Содан отырған соң «не болып қалды?» деп сұрады. Əңгімемді бастадым:

– Димеке, ештеме болған жоқ, біздер қарапайым адамдар қуанышы болса да, реніші болса да, Сізге айтып қуанғысы да, ренжігісі де келеді. Менікі де сондай бір əңгіме, – дедім. Ол кісі «тыңдап отырмын» деді. Айтарыма бірден кірістім.

– Мен Мəскеуден əдебиет институтын бітіріп келгенде жастығыма қарамай қабылдадыңыз. Енді міне, екінші рет қабылдап отырсыз, рахмет. Мен қазір ешқайда жұмыс істемеймін, үйде отырып, өзімнің шығармашылығыммен айналысамын. Қолым қалт еткенде еліміз, жеріміз туралы əртүрлі ойға кетемін. Сондай ойымның бірі  –  мына Сіздер кадр тағайындағанда бəрін біле бермейсіздер. Өйткені, Сізге кім келсе де, театрға баратындай сақал-мұртын қырады, жылтыратып таза киімдерін киеді, жаман мінезі, шынайы бет-бейнесін көрсетпей, жасанды бейнесімен алдыңызға келеді. Сіздердің алдарыңызда жақсы сөйлеп, керемет адам болып көрінеді. Ал олар шынайы бет-бейнесін тек қарапайым адамдарға көрсетеді. Сондықтан Сіздерге қарағанда біз , қарапайым халық оларды жақсырақ білеміз. Елімізде республикалық маңызы бар орындардың басшыларының көпшілігі басқа ұлт өкілдері. Қазақ болса да, орыстілділер. Мен оларды да қазақ деп есептемеймін. Республикалық маңызы бар бір ғана жоғары мекеме бар еді, басшысы қазақша ойлап, қазақша жазатын, оның да басшылығына шалақазақты қойдыңыз.    Əдебиетте ұлтына қарап емес, тіліне қарап баға береді. Ол шалақазақ, тек орысша ойлап-жазатын жігіт қой жəне жазушы емес, журналист. Оның тілі, діні, жаны бəрі орыстанып кеткен,  –  дедім. Үндемей біраз отырды да:

– Бұл мəселені неге бұрынырақ айтпадың,  –  деп өзіме қарсы сұрақ қойды.

– Сізге кіруге ертерек жазылып едім, екі ретте де көмекшілеріңіз жұмысыңыз көп деп кіргізбеді,  – дедім. Енді бəрі кеш екенін түсіндім. Сонымен біраз əңгімелестік те кетуге ыңғайландым. Ол кісі орнынан тұрып, алдында жатқан қораптан бір тал сигаретін алып тұрып сөйледі:

– Сіз туралы бұрын Мұхаң да, Ілияс Омаров та, жақсы пікір айтқан еді...

– Олар адам танитын адамдар еді ғой,  –  дедім. Сонымен қоштасып, бұрылып кетіп барамын, есіктің аузына жетіп қалғанымда,  «тоқтаңыз» деді. Мен бұрылып бетіне қарадым.

– Мына есікте кіші шаруаңыз болса да, үлкен шаруаңыз болса да келіпт ұрыңыз, мен уақыт тауып Сізді қабылдаймын,  –  деді.

– Спасибо, но злоупотреблять вашим добрым отношением не буду,  –  дедім ырзашылық білдіріп. Сонымен, қоштасып шығып кеттім. Аз уақыт өтпей-ақ, ана басшыны алып, орнына қазақша ойлап, қазақша жазатын азаматты тағайындады. Бірақ бас-шылық қызметтен кеткен адам ол істің менен келгенін білді. Өйткені, менің Димекеңе кіргенімді естіген ғой. Міне, ол өмір бойы маған жау болып келеді. Өзінің кім екенін білмейді, қолынан келген жерде менің аяғымнан шалуға тырысып бақты. Бірақ қолынан көп нəрсе келмеді. Себебі, мені елімде бағалайтын оқырманым көп болды. Ресейден бастап сол кездегі одақтас елдерде де оқырманым баршылық еді. Шығармаларыма сол кездегі одақтық деңгейдегі сыншылар жарыса жақсы пікір айтып жатты. Ал қорадағы иттердің шəуілдегенін елеген жоқпын...

73-ші жылы наурыз айының басында партиялық есептен шықтым да киностудияның партесебіне тұрдым. Онда айлық жоқ. Бұрыннан киностудияда көркемдік кеңеспен редакциялық алқа мүшесімін. Жаңа фильмдерді қадағалаймыз. Айлық жоқ мүлде. Бірақ өз ақшам өзіме жетеді ол кезде. Міне, содан бері неге кеткенім туралы Қонаевқа да, Имашевқа да айтпадым. Кейін мені Мəскеуден Орталық Комитеттің екінші хатшысы болып келген Валентин Карпович Месяц шақырды. Кездескісі келеді екен. Соған айттым. Өйткені, ол Есенəлиев (сол кезде Орталық Комитеттің мəдениет бөлімінің меңгерушісі) арқылы өзі шақырды.

– Екінші хатшы Месяц сізбен кездескісі келеді.Не он күн, не бір жеті. Келіңіз, – деді Есенəлиев. Жол түсті, бардым. Ол:

– Мен бұл жақтан пəтер алмадым. Көп уақытым жұмыста өтеді. Мəскеудегі үйімізді өзімізге қалдырдық. Əйелім оқытушы. Ол да, мен де «Қан мен тер-ді» оқыдық. Сол үшін сізбен кездескім келді. Мен жиналыста немесе іссапарда жүрген уақыттан басқа кезде мына есік сізге ашық. Келіп тұрыңыз,  –  деді.

Мен киностудияға кетіп бара жатқанымды сол кісіге айттым. Басқа ешкімге айтпадым. Міне, сол уақыттан бері Одақтың есігін ашқан емеспін. Ақын-жазушы қайтыс болса, сонда қояды, барамын, былай-ғы уақытта мүлде бармаймын.  (Осы тұсқа келгенде ақсақал:  «балалар, мен қартайған адаммын, оны да ойлаңдар. Көп сұрақ қойсаңдар шаршап қаламын ғой» деді күліп).

– Жақсы, Əб-аға, Сізді шаршатпайық, енді жастарға айтар асыл сөзіңіз, ақ тілегіңіз бен батаңызболса...

– Ресейдің кітап палатасында профессор Машановтың сөздігі бар қалың, қорларыңа сол кітапты алдырыңдар. Жұбанның «Шандоз» деген кітабы шығыпты. Исатай, Махамбеттің өмірбаяны, көтерілісі туралы құжаттармен жазылған еңбек, осы кітапты да қорларыңа алып қойыңдар, өте құнды еңбек.Жалпы, елімізде аз немесе мүлде жоқ кітаптармен қорларыңды байытыңдар, ізденімпаз болыңдар. Заман өте құбылмалы, қиындап барады. Сондықтан жастарға айтарым, мықты күрескер болсын. Сабырлы да төзімді болсын. Жастар алдарына үлкен мақсат қойып, соған жете білсін!

– Рахмет, Əб-аға. Кітап палатасының ұжымы биыл   «Smart   qalamger»   жобасын бастаған болатын. Ол бойынша ақын-жазушыларымыздың жеке сайтын жасап, оған барлық шығармаларын топтастырып бердік. Міне, осы жоба аясында Сіздің де жеке сайтыңызды жасап, шығармаларыңызды соған жинақтадық. Мынау соның сертификаты, өзіңізге табыс етеміз.

– Рахмет, айналайындар.

***

ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ұжымы Əбдіжəмил ағамыздың келу құрметіне мұрағаттағы көне газет-журналдар мен жазушы кітаптарының алғашқыбасылымдарынан арнайы көрме ұйымдастырды. Ақсақал сөре алдында тұрып өзінің сонау қылшылдаған жігіт күніне ойша сапар шеккендей толқыныс байқатты.  1948  жылы «Əдебиет жəне искусство» журналындағы атақты «Курляндия» романының үзінділерін алақанына аялай ұстаған Əб-ағаң  «сол уақытта Ғабиден бас редактор болған «Əдебиет майданы» деген журнал шығып тұрғанын» тілге тиек етіп, алыстағы күндерін сағынышпен еске алды.  1950  жылы шыққан кітабына үңіліп, оның ішіндегі суреттерді «Сахи Романов деген суретші салғанын» қадап айтты.  «Қолға ұстай бермеңдер, Бұл кітаптарды өздерің де білесіңдер, жоғалтпаңдар, сақтаңдар!» деп бір аманаттап қойды. Қарап отырсаңыз, дəл осы шығармалар бүгінге дейін қанша баспа көрді, қанша мəрте түрлі жинақпен басылды. Бірақ сол бір алғашқы сəттер қаламгер жадында өшпестей сақталып қалыпты. Өйткені, бұл шығармалар оқырманның авторға деген ыстық ықыласы мен ілтипатын қалыптастырып, алғысқа бөлеген тұтас бір дәуір үні десек те болар...

Фотоgalereya

Басқа жаңалықтар
02-05-2024
Алматыда Маралтай Райымбекұлының поэтикалық-концептуалды кеші өтті
02-05-2024
     ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына шығармалар қабылдауды бастады.
29-04-2024
Құрметті Маралтай Райымбекұлы!
29-04-2024
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Ғасырлар руханияты» көрмесі өтті
  Елордада алғаш рет рухани және мәдени тарихпен танысу мақсатында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ғасырлар руханияты» атты көрмесі өтті.
26-04-2024
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ «БІРЛІК. ЖАСАМПАЗДЫҚ. ӨРЛЕУ» АТТЫ ХХХІІІ СЕССИЯСЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІНЕН
8 (727) 397-61-15
Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй
© 2024 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы