Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй. 8 (727) 397-61-15
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы
Басты бет / Жаңалықтар / Тәуелсіздік күні: Кітап палатасында мерекелік-патриоттық кездесу өтті
Тәуелсіздік күні: Кітап палатасында мерекелік-патриоттық кездесу өтті
15-12-2021


Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы – барша қазақстандық үшін орны бөлек, маңызы зор, аса қасиетті мереке. Осынау ұлық мереке қарсаңында еліміздің жер-жерінде түрлі іс-шаралар өтуде. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ұжымы да осы үрдіс көшіне ат қосып, ұжымдық іс-шара өткізді.

Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қаженбайұлы ұжым қызметкерлерін Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.

«Тәуелсіздік – баршамыз үшін қасиетті ұғым. Біздер Тәуелсіздікке дейінгі және Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытты қатар көрдік. Егемендікке жетер ештеңе жоқ. Азаттықтан ардақты ұғым таппайсыз. Бүгінгі күні мемлекетіміз әлемге танымал, қуатты әрі бақуатты елдер қатарына қосылып отыр. Болашақ – жастар қолында. Біздер, сіздер – болашақ үшін бүгінгі күннің тарихын жазып отырған мамандармыз. Сондықтан, аманаты ауыр еңбектеріңізге табыс тілеймін!» - деді ол.

Әрі қарай сөз кезегі ұжыммен кездесуге арнайы шақырылған қадірлі қонағымыз – белгілі ақын, жұмекентанушы, профессор Алмас Ахметбекұлына берілді.

«Отан – адам баласы үшін ең ыстық сөз, ең қуатты, ең мейірімді сөз. Арқасүйер Отаны бар қазақ – бақытты қазақ. Бүгінгі байтақ даламыздың тұтастығын сақтау, руханиятымызға адал қызмет ету, тарихымызды зерделеу – біздің келешек ұрпақ алдындағы парызымыз. Сондай аса жауаты шаруамен айналысып отырған қажырлы ұжымның бірі – осы Кітап палатасы. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы құтты болсын! Қызметте табысты болыңыздар!» - деп тілек білдірген ақын асқан тебіреніспен бірнеше өлең оқып, ұжым қызметкерлерінің рухын көтерді.

Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толуына орай Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының Баспасөз мұрағаты бөлімінің басшысы, Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Гүлзада Нұралиеваның тарихи дата туралы баяндамасы тыңдалды.

Бұдан әрі Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының жас мамандарынан құралған топтың «Тәуелсіздік құрдастарының тартуы» атты поэтикалық қойылымы тамашаланды.

Мерекелік іс-шара барысында «Атамекен» әні хормен шырқалды. Ұжым қызметкерлері Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ортамызға қадірлі қонақ болып келген Алмас Ахметбекұлының сөзіне жазылған «Көк тудың желбірегені» әнін автормен қосыла шырқап, іс-шараның патриоттық салмағын одан әрі арттыра түсті.

Тәуелсіздік – бұл елдігіміздің айғағы, мәңгі азаттыққа ұмтылған еркін халықтың бас құндылығы, барша қазақтың қастерлі бойтұмары. Тәуелсіздігіміз баянды, елдігіміз мәңгілік болсын!

Басқа жаңалықтар
02-05-2024
Алматыда Маралтай Райымбекұлының поэтикалық-концептуалды кеші өтті
02-05-2024
     ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына шығармалар қабылдауды бастады.
29-04-2024
Құрметті Маралтай Райымбекұлы!
29-04-2024
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Ғасырлар руханияты» көрмесі өтті
  Елордада алғаш рет рухани және мәдени тарихпен танысу мақсатында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ғасырлар руханияты» атты көрмесі өтті.
26-04-2024
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ «БІРЛІК. ЖАСАМПАЗДЫҚ. ӨРЛЕУ» АТТЫ ХХХІІІ СЕССИЯСЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІНЕН
8 (727) 397-61-15
Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй
© 2024 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы