Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй. 8 (727) 397-61-15
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы
Басты бет / Жаңалықтар / Сағи жыры
Сағи жыры
10-02-2023

Ерте, ерте, ертеде, ескі жылдар қойнауында, Түркістан облысының белгісіз бір ауылында, белгісіз бір үйде қоп-қоңыр қос томдық тұратын. Ішіне үңілсеңіз балалық пәктікпен, аусар адалдық, жылылықпен үйлесетін ақмоншақ жырлар төгіле беретін. Сәби райлы, нәркес жүректі самал елітіп, еліктіре түсетін. Сірә, ақыннан қалары қорғаушысыз, кепілсіз бейкүнә өлеңдер ғана.

«Көктемде бұлттар асығып,

Селдетіп өте шығатын,

Артынан шайдай ашылып,

Дүние балқып тұратын.

Малшынып шилер нөпірге,

Қайтадан гүрлеп ошақтар,

Аспанға шығар көпірдей –

Тұратын кемпірқосақтар».

Осынау ақ қанат шумақтарда қаншама өмірге ғашықтық, болашаққа іңкәрлік, ертеңге құштарлық бар десеңші. Алда асу-асу армандар, қожыр тас­тардай қиял тізбектері. Сағи ақынның жаны махаббатпен суарылған. Ол түнекті білмейді, білсе де бұрылмайды. Шын мәнінде, түнек адам санасында ғана өмір сүретінін ескерсек, шын ақын нұрлы ойдың хабаршысы. Басына күн байланған асатаяғын қолына алған ол оқырманды көбелек қанатына таң қалуға, жапырақ бетіндегі иероглифтарды оқуға шақырады.

«Көктемде бір тоғайлар шуылдайтын,

Көктемде дуылдайтын,

Бетке жұққан даланың ақ тозаңы,

Ақ жаңбырлар жумаса, жуылмайтын.

Тамшы көрмей, тобарсып қалған қыр да,

Жаутаңдайтын аспаннан жауған нұрға.

Ақ жаңбырдың астында жүйткіп жүріп,

Біз де айналып кетуші ек ақ жаңбырға».

Қандай пәктік! Ақ жаңбырлар астында жүгіріп жүріп, сол жаңбырдай пәктіктің өзіне айналу неткен ғанибет! Ақын өлеңдері жан құбырын шайып өтуші мөп-мөлдір өзен секілді. Жырлардан бас алған соң дүние маржандай жайнап сала береді. Руми айтқандай, терезесі балшық жандар ғана дүниені балшық етіп көрмек, ал балшықты тұма өзенмен шая білсек жер беті таң қалу орны екенін ұғынар едік. Ұлы Мұхтар Әуезов Сағи ақын жөнінде бүй депті: «Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңдерін оқыдым. Оларда толып жатқан образ, көп шындық, көпшілікке ортақ шындық бар. Бір түрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін соншалық шындық пен бетке ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық бар. Поэзия керек – осы шыншылдық».

Ақынның «Оң аяқ» өлеңі күрделі кезеңнің бет бейнесін ашатын тағдырлы туынды. Өлеңде күн ұзаққа шөп шауып, малды бағып, құйттай-құйттай сәбиін қолына алып отыратын майдан уақытын­дағы жесір әйелдер суреттеледі. Әйелдер «келер ме екен көкешің, құлыншағым, оң аяғың көтерші» деп ырым етеді. Бәрі оң аяққа сүйінішпен қарап, баланың башпайы қыбыр етсе күйігі жуылып кетердей қуанысады. Әлгі бала бірде оң аяғын көтерсе үйдің іші мәз-мәйрам, думан болатын дейді ақын.

«Жеткізгендей хабарын ағалардың,

Мәз-мәйрам боп тұратын бала балғын,

Сәби жүрек сезе ме,

аз да болса,

Көтергенін көңілін аналардың».

Өзі өмір сүрген дәуір шындығын бейнелеген Сағи жыры әйелдер образы арқылы қасірет зардабын сезіндіреді. Бір ғана оқиға – заманның бет-бедерін айшықтайды. Ақын жырлары ізгілік қынына салынып, тазалық балғасымен соғылған. Бейне бір әркім өзін тұс-тұстан көре алатын лабиринт секілді.

Батырхан СӘРСЕНХАН

«Егемен Қазақстан» газеті

 

 

Басқа жаңалықтар
18-05-2024
IFLA Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресі Қазақстанда өтуі мүмкін
17-05-2024
Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”
14-05-2024
Ақын, драматург, прозаик, журналист әрі аудармашы Ілияс Жансүгіровтің туғанына — 130 жыл
14-05-2024
Экспедиция қатысушылары Семейдегі бірнеше тарихи жерлерді аралады
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қызметкерлері Абай облысына ғылыми экспедициямен барды. Экспедиция қатысушылары Семейдегі бірнеше тарихи жерлерді аралады
13-05-2024
Бүгін жазушы, журналист, публицист Әнуар Әлімжановтың туғанына — 94 жыл.
8 (727) 397-61-15
Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй
© 2024 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы