Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй. 8 (727) 397-61-15
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы
Басты бет / Жаңалықтар / Маралтай Райымбекұлы: «Мақсатымыз – сапалы кітап шығару»
Маралтай Райымбекұлы: «Мақсатымыз – сапалы кітап шығару»
30-04-2021

Биылдан бастап Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын өткізіп келген «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасын жүргізу, нақты айтсақ, мемлекеттік бағдарламамен шығатын кітаптарды алдын-ала іріктеу Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына жүктелген. 

 

Көпшілік назарына жарияланған бағдарлама ережелері мен бағдарламаны жаңа форматта өткізу дәстүрі әдебиет, мәдениет және ғылым саласында жүрген азаматтардың көпшілігіне сұрақ туындатты. Осы орайда мемлекеттік бағдарлама бойынша шығатын кітаптарды жаңа форматта алғаш рет іріктегелі отырған мекеме – Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директорының орынбасары, ақын Маралтай Райымбекұлы көкейдегі көп сауалға жан-жақты тоқталмақ. 

- Мемлекеттік бағдарламаны жүргізу міндеті неліктен Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына жүктелді?

- Естеріңізде болса, Сенат және Мәжіліс депутаттары баспасөз бетінде кітаптарды іріктеу, балалар әдебиетін дамыту, жаңа дәуір әдебиетін қалыптастыру төңірегінде үлкен мәселе көтерген. Сондай-ақ, министрлікте, Кітап палатасының қабырғасында депутаттардың, жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен талқылау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде халық қалаулылары жауапты мекемелерге, ҚР Мәдениет және спорт министріне депутаттық сауал жолдады. Қазіргі қазақ әдебиеті, кітапханалардың ахуалы, әсіресе шалғай жерлердегі кітапханалардың жағдайы қолдауды қажет ететінін ескере келе министрлік бұл бастаманы қолдады. 

2020 жылдың 2 қарашасында Қазақстан Республикасының «Мәдениет туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, соның нәтижесінде «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасына ұсынылған кітаптарды іріктеу міндеті Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына жүктелді. 

Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы жүктелген міндетті толық орындау мақсатында және мемлекеттік бағдарламаны мемлекет басшысының ашықтық саясатының аясында жүзеге асыруды көздеді. Осындай ортақ мүдде негізінде «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» бағдарламасына ұсынылған еңбектерді көпшіліктің көз алдында, онлайн іріктеу бастамасын енгізу ұйғарылды. 

Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы – еліміздің баспа саласымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін мекеме. Сондықтан, қоғамға тигізер пайдасы бар әдебиеттерді іріктеуге, қабылдауға әбден қауқарлы. 

- Құжат қабылдау процесін онлайн форматқа өткіздіңіздер. Мұның кереғар тұстары болмайды ма?

- Коронавирус пандемиясы көптеген жұмыс процесін онлайн форматқа көшіруге мәжбүрледі. Жұмыс барысында адамдардың бір-бірімен байланысқа түсуін барынша азайту қажеттілігі туды. 

Бұдан бөлек, «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасына кітаптарды қабылдау және алдын-ала іріктеуді онлайн өткізу шешімі халық қалаулыларының бастамасы негізінде қолға алынып, бірнеше мемлекеттік мекеменің мақұлдауынан кейін қабылданды. 

Кітаптарды онлайн қабылдау және іріктеу жөніндегі тапсырма жүктелгеннен кейін Кітап палатасы жаңа сайт дайындап, барлық жұмысты жеңілдетуге тырысты. 

Осы жоба іске қосылғалы авторлар мен баспаларды сайтқа жүктелген қолжазбалардың қолды болып кетуі алаңдатқан. 

Кітаптардың толық нұсқасы тек комиссия мүшелеріне ғана қолжетімді болады. Ал жалпы оқырман үшін кітаптардың қысқаша мазмұны ұсынылады. Яғни, дауыс беретін оқырман кез келген кітаптың қысқаша мазмұнымен ғана таныса алады. Бұл ретте авторлар мен баспалардың алаңдауына себеп жоқ екенін айтамыз. 

Онлайн кітап қабылдау және іріктеу жұмыстарын жобалау кезінде барлық факторлар қарастырылды. Жоба бірнеше рет жауапты мемлекеттік мекемелердің қатысуымен талқыланды. Жобаны жүзеге асыру барысында орын алуы мүмкін мәселелердің барлығы реттеліп, соңғы нұсқа жұртшылық назарына ұсынылған. 

Оның үстіне, жыл сайын қағаздар мен кітаптың электронды нұсқасы жазылған дискілерді арқалап, елордаға ағылатын баспагерлердің де жұмысы жеңілдеді. Баспалардың басым көпшілігі Алматы қаласында орналасқандықтан, кез келген жұмыс күні Кітап палатасына келіп, кеңес алу мүмкіндігі бар. 

- «Дауыс беру» тетігін іске қосуды жоспарлап отырсыздар. Мысалы, әлеуметтік желіде белсенділігі жоғары қатысушылар өзге қатысушылардың жолын орап, қоғамдық маңызы бар әдебиеттердің қатарына қажетсіз кітаптар кіріп кетпейді ме?

- «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасына кітаптарды қабылдау мен алдын-ала іріктеу жұмыстарының онлайн түрде жүретіні туралы ақпарат жарияланысымен-ақ бірқатар әдебиет өкілдері мен журналистер бұл бастаманы сын тезіне ала бастады. 

Жаңа форматтағы кітаптарды қабылдау және іріктеу жобасын талқылау барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы сіз қойып отырған сауалдағы мәселелерге баса назар аударуды мықтап тапсырған. Демек, авторлар мен баспалардың мұндай жағдай орын алады деп күмәндануы негізсіз. Дауыс беру – кітаптарды алдын-ала іріктеудегі негізгі құрал емес. Кітаптар тек дауыс беру арқылы іріктелмейді. Осы мәселені көпшілік қаперінде ұстағаны жөн. 

Бұл – заңды құбылыс. Кез келген жаңа бастаманы қоғамның қабылдауы, оның дәстүрлі қолданысқа енуі бейімделуді, көз үйретуді талап етеді. Сондықтан, біз кез келген сауалға жауап беруге дайынбыз. 

Көпшілікке түсінікті болу үшін айтайық: дауыс беру арқылы мемлекеттік бағдарламамен шығатын еңбектер тізімі анықталмайды. Дауыс беруден кейін кітаптар үш комиссияның қарауына өтеді. Міне, осы бірнеше сатылы сараптаудан кейін ғана қоғамдық маңызы бар әдебиеттердің тізімі бекітіледі. 

«Онда дауыс беру не үшін қажет?» деген де сұрақ туындайды. Еліміздегі оқырман қауымның сұранысын зерттеудің маңызы зор. Оқырмандар дауыс беру арқылы өздерінің қажеттіліктерін анықтайды. Сонымен қатар, көпшілік сайт арқылы мемлекеттік бағдарламаға қандай кітаптар ұсынылғанын біліп отыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл – комиссия мүшелері ескеретін басты фактор. 

Дауыс берумен қатар, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының жанынан құрылған Тәуелсіз сараптама комиссиясының мүшелері де сайттағы өздерінің жеке кабинеттері арқылы кітаптарды бағалайды. Осының нәтижесінде мемлекеттік бағдарламаға ұсынылған кітаптарды алдын-ала іріктеу жұмыстары жүргізіледі. 

- Мемлекеттік бағдарламаға қатысу мүмкіндігі тек баспалар үшін қарастырылған ба? Авторлар қандай жағдайда қатыса алады?

- Бұл бағдарлама жұмыс істеп келе жатқаннан бері қатысушылардың дені баспалар болып саналады. Күні бүгінге дейін мемлекеттік бағдарламаға үздіксіз қатысып келе жатқан баспалар жаңа форматқа қазірдің өзінде төселіп қалғанын байқап отырмыз. 

Бүгінгі таңда Ұлттық мемлекеттік кітап палатасында мемлекеттік бағдарламаға қатысушыларға ақпарат беріп, оларды жаңа форматқа бейімдеумен айналысып отырған мамандар бар. Егер, автор немесе баспа өкілі порталға кітап жүктеуде қиындықтарға тап болса, оған әрдайым көмек көрсетіледі. 

Егер автор өзі қатысқысы келсе, еш кедергі жоқ. Тек кітап тапсыру үшін қажетті құжаттармен бірге «мемлекеттік сатып алулар қорытындысында анықталған мекемемен келісім-шарт жасауға қарсылығым жоқ» деген мазмұндағы жазбаша келісімін қоса ұсынса болды. 

Осыдан соң, егер, автор ұсынған шығарма комиссиялардың шешімімен мақұлданса, оны басып шығару үшін конкурс жарияланады. Сол конкурста жеңімпаз болған мекеме автордың кітабын шығарады. Сәйкесінше, автор сол мекемеге жазбаша келісім беруі тиіс.

- Әлеуметтік желіде бір топ әдебиет өкілдері, журналистер жаңа форматқа сын білдірді. Сонымен қатар, газетіміздің өткен санында біршама пікірлер жарияланды. Осыған қатысты не айтасыз?

- Сын пікірлердің болуы, әдебиет және ақпарат өкілдерінің бетбұрыстарға бей-жай қарамай, оның астарына үңілуі қуантады. Сіз айтып отырған барлық дүниелерден хабардармыз, көріп отырмыз, естіп отырмыз. 

Бұл – заңдылық. Ол кісілердің қойған сұрақтарына алдыңғы сұрақтарда жан-жақты жауап бердік деп ойлаймын. Барлығымызда ортақ мақсат – сапалы кітап шығару, мазмұнды кітап шығару. Сол жолда еңбек етіп жүрген кез келген адамның пікірі құрметке лайық және ескерілуі тиіс. 

Мемлекеттік бағдарламаға ұсынылған еңбектердің барлығы бірнеше сүзгіден өтеді. Әрбір комиссия құрамында әдебиет, мәдениет және ғылым салаларының майталмандары, елге аты танылған азаматтар отыр. Олар да ортақ мүддеге опасыздық жасамасы анық. 

Тағы да бір айта кететін дүние – Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» бағдарламасына ұсынылған кітаптардың алдын-ала іріктеу жұмыстарын ғана жүргізетіні, мекеменің қаржылық мәселелерге жауап бермейтіндігі. Мемлекеттік бағдарламаға кітаптарды қабылдау науқаны жарияланғалы телефон шалып, баспаға мемлекеттен қанша қаражат бөлінетінін, авторлар қанша қаламақы алатынын сұрапжатқандар қатары қалың. Мұндай сұрақтарды Кітап палатасы қанағаттандыра алмайды. Кез келген қаржылық мәселе бойынша туындаған сұрақтармен тікелей министрлік жанындағы жауапты мамандарға жүгінген абзал.  

Бүгінгі күні Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы заңмен жүктелген міндетін ойдағыдай атқарып шығу үшін жұмыс істеуде. Сайтқа бірнеше кітап жүктеп үлгерген баспалар да баршылық. Бұл жүйе бізді, саланы, тәртіпке, ашықтыққа және әділдікке бастайды. 

Мемлекеттік бағдарламаға ұсынылатын кітаптарды қабылдау тек 2021 жылдың 1 маусымына дейін жалғасатынын айтқымыз келеді. уақытынан кеш өткізілген кітаптарды автоматтандырылған жүйе қабылдамайтынын ескерген жөн. 

«Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасына кітап ұсыну үшін келесі сілтемеге өтіңіз: http://e.kitap-palatasy.kz/

Ауызбіршілік танытып, жаңа бастамаға қолдау білдіру қажет. Көзделген нәтижеге сонда ғана қол жеткізе аламыз!

Басқа жаңалықтар
18-05-2024
IFLA Дүниежүзілік кітапхана және ақпарат конгресі Қазақстанда өтуі мүмкін
17-05-2024
Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”
14-05-2024
Ақын, драматург, прозаик, журналист әрі аудармашы Ілияс Жансүгіровтің туғанына — 130 жыл
14-05-2024
Экспедиция қатысушылары Семейдегі бірнеше тарихи жерлерді аралады
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қызметкерлері Абай облысына ғылыми экспедициямен барды. Экспедиция қатысушылары Семейдегі бірнеше тарихи жерлерді аралады
13-05-2024
Бүгін жазушы, журналист, публицист Әнуар Әлімжановтың туғанына — 94 жыл.
8 (727) 397-61-15
Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй
© 2024 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы