Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй. 8 (727) 397-61-15
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы
Басты бет / Жаңалықтар / Кітапханаға тарту және Мұқағали рухына тағзым
Кітапханаға тарту және Мұқағали рухына тағзым
08-09-2021

Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойы – республикалық деңгейдегі атаулы дата. Ақынның туған жері – Алматы облысы Нарынқол ауданы Қарасаз ауылы жыл сайын бұл күнді ерекше атап өтеді. Қазақ поэзиясына өзінің асқақ, заңғар, өршіл әрі сезімге, махаббатқа, іңкәрлікке толы өлеңдерімен қолтаңбасын қалдырған ақынның аты халық санасына мәңгілікке жатталған
                                                          

Нарынқол өңірінің тұмса табиғаты, иығын бұлт қасыған заңғар шыңдардың бауырындағы ақ шаңқан киіз үйлер – қазақы тұрмыс-тіршіліктің, дала сұлулығының, асау мінез жұрттың көрінісі іспеттес. Мұқағали ақын да табиғаттың осынау аса көркем, аса үйлесімді қалпымен өлең-өмір сүргені өздігінен түсінікті болады.

                                                    

Туған жерін жырына әрдайым қосып өткен ақынға халқы да разы. Еңкейген қариясынан еңбектеген балаға дейін «Мұқағалидың жерлесі» деген атын аса мақтанышпен айтады. Ақын жырлары бұл өңірде қобыз үніндей жаңғырып, тау-тасты аралап, өзенмен қатар ағып жатады. Бұл – Қарасаз топырағында туған ақын ұлға деген халықтың ілтипаты.

Қарасаз ауылындағы Мұқағали Мақатаевтың мұражайы да көз тартады. Әрбір дүние келушіні баурап алып, кәрі тарихтың неқилы қыртыстарына ертіп ала жөнелетіндей. Мұражайды дамытып, жәдігерлерге бас-көз болып отырған азаматтардың да өз ісіне деген құлшынысы алабөтен. Мұражай директоры Ерлік Ахметовтың ақын мұрасына ерекше қарайтыны, ұжымды керемет ұйымдастыра білгені де көрініп тұрды.

     Осы орайда Мұқағали Мақатаевтың туған жеріне арнайы барған ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов пен белгілі ғалым, академик, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы ауыл мұражайында жиын өткізіп, аудандық кітапханаға Кітап палатасы атынан 100 кітап тарту етті.

                                                   

«Ауылыма кітап» акциясының аясында әрі ақынның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған тарту аудандық кітапхана басшылығы мен қызметкерлерін риза етті. Қызметкерлер сөрелердің жаңа кітаппен толыққанына балаша қуанып, сый ұсынған тарапқа алғысын жаудырды.

                                               

Сыйлық ретінде берілген кітаптардың арасында энциклопедиялық, көркем әдебиет, ғылыми-көпшілік және балаларға арналған еңбектер бар. Аудандағы руханият ошағы оқырман қауымға аса қат деп есептелетін еңбектермен толықты.

«Біздің мақсатымыз – аудандық, ауылдық жерлердегі кітапхананы, сәйкесінше, кітапхана оқырмандарын қолдау. Аталмыш акцияны жиі-жиі өткізіп тұрамыз деген ойдамыз. Әкелген еңбектерді шын ықыласымен қабылдап алған әрбір қызметкердің жүзінен қуанышты, оқырмандарына деген жанашырлығын көрдік. Бұл – кітапқа деген құрмет, қызметіне деген адалдық», - деді Әділ Қаженбайұлы.

                                                      

Ғалым, академик Шерубай Құрманбайұлы да өзінің туған жеріне келіп ерекше әсер алғанын және Мұқағали Мақатаевтың аты мен шығармашылығын ардақтау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тәнті болғанын жеткізді.

«Мұқағалидың өзімен жүздескендей болдық. Жылы шырайлы жерлестер, әсем табиғат, айналадағы барлық көрініс адам жүрегіне тыныштық сыйлайды. Біз де өз кезегімізде поэзия патшасының туған өлкесіне, өзімнің туған ауылыма арнайы келіп, аудандық кітапханаға шама-шарқымызша қолдау білдірдік, ауылдық мұражайдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстық. Толқыныс та, таңданыс та, тебіреніс те болды», - деді ол.

                                                              

Кітапхана басшылығы қонақтарға алғысын жаудырып, ризашылығын білдіріп шығарып салды. Ауыл кітапханасын қолдау – ауылдағы жасөспірімдерге салынған капитал. «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» өз деңгейінде өтуіне атсалысқан азаматтар алғысқа, кітапхана қоры кітапқа кенелді.

    
Басқа жаңалықтар
02-05-2024
Алматыда Маралтай Райымбекұлының поэтикалық-концептуалды кеші өтті
02-05-2024
     ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына шығармалар қабылдауды бастады.
29-04-2024
Құрметті Маралтай Райымбекұлы!
29-04-2024
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Ғасырлар руханияты» көрмесі өтті
  Елордада алғаш рет рухани және мәдени тарихпен танысу мақсатында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ғасырлар руханияты» атты көрмесі өтті.
26-04-2024
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ «БІРЛІК. ЖАСАМПАЗДЫҚ. ӨРЛЕУ» АТТЫ ХХХІІІ СЕССИЯСЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІНЕН
8 (727) 397-61-15
Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй
© 2024 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы