Бүгін – қазақтың әйгілі жазушысы, ұлт мұрасын, әсіресе, Абай шығармашылығын шетелде насихаттауға орасан зор еңбек сіңірген Роллан Сейсенбаевтың туған күні.
Семей және Санта-Марина (АҚШ) қалаларының құрметті азаматы қазақ әдебиетіне өзінің ешкімге ұқсамайтын ерекше қолтаңбасын қалдыра отырып, қазақ халқының дәстүрін, өнерін, мәдениеті мен әдебиетін шетелде кең насихаттады.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы мәдени орталығы – «Абай үйін» де ашқан бүгінгі туған күн иесі. 1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Осы айтулы күн қарсаңында Лондон қаласында ашылған «Абай үйі» ұлы миссияларды атқаруға мұрындық болған құтты мекен екені белгілі.
2000 жылы елге оралған Сейсенбаев «Халықаралық Абай клубы» мен «Аманат» журналын ашады. Әлем халықтары әдебиетінің қазақ оқырмандарына жетуіне жұмыс істеген жазушы белгілі бір деңгейде өз мақсатына қол жеткізді.
Қазақтың заңғар жазушысы Роллан Сейсенбаевты Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы ұжымы атынан туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Ұзақ ғұмыр мен зор денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз! Қазақ әдебиетінің дамуына, қазақ кітабы сапасының артуына еңбек сіңіре бергейсіз!