Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй. 8 (727) 397-61-15
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АРХИВ, ҚҰЖАТТАМА ЖӘНЕ КІТАП ІСІ КОМИТЕТІНІҢ "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІТАП ПАЛАТАСЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
Басты бет / Жаңалықтар / ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫНЫҢ ОРДАСЫНА 85 ЖЫЛ ТОЛДЫ
ҰЛТ ҚАЗЫНАСЫНЫҢ ОРДАСЫНА 85 ЖЫЛ ТОЛДЫ
19-07-2022

Бүгін ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының туған күні. Тура 85 жыл бұрын іргесі қаланып, тәй-тәй басқан мекеме осы уақыт аралығында іргелі ұйымға, қазақ кітабы мен баспасөзінің баға жетпес шежіресіне айналып үлгерді. Ұлт қазынасын көзінің қарашығындай сақтап, ұлт руханиятының ордасы бола білген орталықтың өткен күні мен бүгіні – баға жетпес тарих, болашақ бағыт-бағдары – ұлтымыздың айнымас темірқазығы іспеттес.

Тарихи беттерін парақтасақ, ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы Қазақ КСР Мемлекеттік Кітап Палатасы Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1937 жылғы 19 шілдедегі «Қазақ КСР Мемлекеттік Кітап Палатасын құру туралы» бірлескен Қаулысы негізінде ұйымдастырылды. Кітап Палатасы 1937-1945 жылдары Қазақстаның Оқу Халық Комиссаритына, 1945-1953 жылдар аралығында Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы мәдени-ағарту мекемелері басқармасына, 1953-1963 жылдары Қазақстаның Мәдениет министрлігіне, ал 1963 жылдан бастап, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Баспасөз жөніндегі Мемлекеттік кабинетіне бағынды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Кітап Палатасы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 6 сәуір 1993 жылғы №270 қаулысымен Қазақстан Республикасының Ұлттық Мемлекеттік Кітап Палатасы болып өзгертілді. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің құзырында.

Осы жылдар ішінде Кітап палатасы өзіне жүктелген міндеттерді абяроймен атқарып келеді. Орталық – Қазақстанда шығатын басылымдардың жарыққа шығуына бағыт-бағдар беріп, халықаралық стандарт талабына сай тіркеуге алатын, баспа және баспасөз өнімдерін жинап, сақтайтын, статитикасын жүргізетін бірден-бір ғылыми-библиографиялық мекеме болып саналады. Ғылыми-библиографиялық көрсеткіштер шығару, баспасөз статистикасын жүргізу, жүйеленген каталогтар негізінде баспаларға, мекемелерге, жекелеген адамдарға ақпараттық-библиографиялық анықтамалар беру – Кітап палатасының негізгі қызметінің бірі. Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы баспаларға және баспа өнімдерін шығаратын ұйымдарға, штрих белгілер (ISBN) беруді жүзеге асырады.
Заман талабына ілескен ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы әрқашан жұмысын аясын кеңейтіп, кітап мәдениеті, жалпы ұлты руханиятын ұлықтау мақсатында түрлі жобаларды іске асырып келеді. Мәселен, орталықта «Smart Qalamger» жобасы жұмыстары жүргізілуде. Осы жоба аясында ҚР Жазушылар одағының 800-ден астам мүшесіне жеке веб-сайт құрастыру қолға алынды. Қазір бұл бастама түгелге жуық орындалып, ақын-жазушылар тегін веб-сайтқа ие болды, сертификаттарын алды.

Қазақстан Жаушылар ода­ғы­мен бірігіп өткізген «Асыл сөз» жобасы да көптің көңілінен шығып отыр. Бұл жоба бойынша елімізге белгілі қаламгер­лер­мен, мәдениетімізге еңбегі сіңген тұлға­лар­мен еркін форматта сұхбат өткізіледі. Осы кезге дейін қазір арамыздан кеткен қаламгерлер – Халық жазушысы, Қазақ­стан­ның Еңбек Ері Әбдіжәміл Нұрпейі­сов­ және Халық жазушысы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты Қабдеш Жұмаділовпен, сондай-ақ, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаттары Мыр­­затай Жолдасбековпен, Сәбит Доса­нов­­пен, Бексұлтан Нұржекеұлымен, Қазақ­стан­ның Халық әртісі Асанәлі Әшімовпен мазмұнды сұхбаттар жасалды. Бұдан өзге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің еліміз­дің барлық өңірлерінде орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жүргізіп отырған «Адалдық алаңы» атты жоба бар.

Биылғы 85 жылдық мерейтой қарасаңында да дүбірлі шаралар ұйымдастырылып, сүбелі істер атқарылды. Соның бірі ретінде, 28-30 мамыр аралығында Алматыдағы Ш. Уәлиханов атындағы алаңда өткен кітап жәрмеңкесін айта аламыз. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі және Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы ұйымдастырған «Алматы кітап жәрмеңкесі» өз деңгейінде өтті. Тұңғыш рет өткізілген кітап мерекесі үш күнге жалғасқан болатын. Жәрмеңкеге 55 қазақстандық баспа мекемесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Ресей Федерациясынан арнайы делегациялар қатысты.

Жәрмеңкенің алысқа кеткен даңқы әлі басылмай жатып жақында «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы жарияланды. Жеті номинация бойынша өтетін байқау жеңімпаздарының әрбіріне 5 миллион теңгеден қаржылай сыйлық беріледі. Ұлттық әдеби сыйлықтың мақсаты – қаламгерлер мен баспагерлерге мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету; қазақ әдебиетінің тұғырын нықтап, жаңа биіктерге көтерілуіне жағдай жасау; қаламгерлердің еңбегін насихаттап, бағыт беру және олардың шығармашылық жұмыстарының жарық көруіне ықпал ету.

Қысқасы, әр жылдары қазақ руханиятының алыптары қызмет жасап, күні бүгінге дейін жеткен орталықтың бүгіні мен ертеңі, еткен еңбегі – елдің алдында. Келешекте атқарылатын іс көп. Шежіреге толы ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатсының 85 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Басқа жаңалықтар
22-05-2026
Сөзден іске!
Бүгін Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасымен Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мамандарына Алматы қаласынан 2 бөлмелі пәтер табысталды.
21-05-2026
Құрметті мәдениет және өнер саласының қызметкерлері!
17-05-2026
Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды
Мемлекет басшысы «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды
01-05-2026
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына өтінім қабылдау басталды
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына өтінім қабылдау басталды. Ұлттық әдеби сыйлық отандық қаламгерлерді қолдау және қазақ әдебиетінің дамуына ықпал ету мақсатында өткізіледі.
16-04-2026
23 сәуір — елімізде Ұлттық кітап күні ретінде аталып өтеді
23 сәуір — елімізде Ұлттық кітап күні ретінде аталып өтеді. Осы маңызды күнге орай республика көлемінде кітап оқу мәдениетін насихаттауға, рухани және зияткерлік дамуды қолдауға бағытталған ауқымды кітап апталығы ұйымдастырылып отыр
8 (727) 397-61-15
Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй
© 2026 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АРХИВ, ҚҰЖАТТАМА ЖӘНЕ КІТАП ІСІ КОМИТЕТІНІҢ "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІТАП ПАЛАТАСЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ