Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй. 8 (727) 397-61-15
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АРХИВ, ҚҰЖАТТАМА ЖӘНЕ КІТАП ІСІ КОМИТЕТІНІҢ "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІТАП ПАЛАТАСЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
Басты бет / Жаңалықтар / Мұхтар Мағауин: Қазақстан дәуірлей берсін!
Мұхтар Мағауин: Қазақстан дәуірлей берсін!
31-10-2022

Күні кеше ғана еліміздің түкпір-түкпірінде Республика күні ұлттық мереке ретінде атап өтілді. Биылдан бастап дәстүрге енген мерекені шартараптағы қазақтар да тойлады. Осы орайда Америкадағы қазақ қауымдастығы өткізген мәдени-сазды кешке ерекше тоқталғымыз келіп отыр. Мерекелік концертке Уашингтоннан шалғай жатқан шаһарлардағы қазақтар да арнайы келіпті. Салтанатты жиынға заңғар жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауин де қатысып, сөз сөйледі. Ұлтымыздың тағдырлы тарихынан сыр шерткен қаламгердің сондағы сөзін қаз-қалпында оқырманға ұсынуды жөн көрдік.

«Республика күні қайырлы, құтты болсын. Той тойға ұласа берсін. Мұндайда адамның көңілі ерекше толқиды. Бұдан 30 жыл бұрын заман да, адамдар да басқа еді. Әркім аузын бағып сөйлейтін. Мен әдебиетші болған соң, тарихтан хабардар болғаннан кейін түсінігім бірталай болды. Бірақ сол артық сөз айтпауды да елден бұрын үйрендік. Мен тәуелсіздік заманға дейін ержеткен баламнан бұрын екі-ақ адаммен еркін сөйлесе алған екенмін. Оның біреуі – қазақтың үлкен жазушысы Әбіш Кекілбайұлы. Екеуміз бірге оқыдық, бірге тұрдық. Сонда елдің жағдайынан бастап барлық әңгімені айтатынбыз. «Шіркін, тәуелсіздік алсақ» дейтін едік. Ол кезде Африка елдері қатар-қатарынан егемендік алып жатты. Көңілде мұң бар, арман бар, еркін сөйлесетінбіз. Әбіш кейін үлкен қызметке кеткен соң, бұл тақырыпты қозғамайтын болдық.

Ал екіншіcі – чуваштың ха­лық жазушысы Мишши Юхма. Менен 1-2 жас үлкендігі бар. Екеуміз еліміздің жайы туралы көп сөйлесетінбіз. Еркін. Екеу­міздің айтпайтын әңгімеміз жоқ, арманымыз таусылмайтын. Бұл, шамамен, өткен ға­сырдың 70-жылдары. Арада қан­шама жыл өткен соң, 1998 жылы Түркияда кездестік. Мен «Түркі дүниесіне еңбегі сіңген» деген атақты алдым. Юхма да сол атаққа ие болыпты. Сүлеймен Демирелдің қолынан сыйлығымызды алдық. Сонда сөйлескенімізде Мишши Юхма: «Мына сен арманыңа жетіп­сің. Біз әлі қапаста, империяның шең­гелінде отырмыз. Баяғыда сен: «Біз арада елу жыл өте ме, өтпей ме, қайтадан тәуелсіздік ала­мыз», деп айтып едің. Сонда мен: «Тәуелсіз Қазақстанда Це­линный крайды қайтесіңдер?» дедім. Ал сен: «Адам жанын сақ­­тау үшін, амандығын сақтау үшін саусағын ғана емес, аяқ-қо­лын кесіп беруге дайын болады. Егер жағдай өзгермесе, оған дейін Целиноградты тас­тап шығамыз», деп айтқансың. Ал енді Целинный край да орнында, сендер де тәуелсіздік алдыңдар», деп көңілі босап еді.

Құдайға шүкір, әлі күнге де­йін әлемдегі көп халық жете ал­май жатқан жағдайға қазақ жет­ті. Тәуелсіздікті қазақ сияқты аң­саған, армандаған халық дү­ниеде кемде-кем. Адам қапаста отыр­ғысы келмейді. Еркіндікте бол­ғысы келеді. Ал халық үшін тіпті қиын. Сонда біздің арғы заманнан бастап Алтын орда құлағаннан кейінгі уақытта, орыс жаулаушылығы Еуразияға жа­йылып келе жатқан кезден бас­тап қазақтар дүние қалай болады деп қам жеді. Бұқар жыраудың атақты бір өлеңі бар.

Күнбатыстан бір дұшпан

Ақырда шығар сол тұстан.

Өзі сары, көзі көк,

Басқаның аты боп

Күншығысқа қарайды,

Шашын алмай тарайды.

Құдайды білмес, діні жоқ,

Жамандықта міні жоқ,

Сол сықылды бір кәпір,

Жаяулап келер жұртыңа.

Жаяулап келер жұртыңа!

Жағалы шекпен кигізіп,

Балды май жағар мұртыңа.

Жебірлерге жем беріп,

Ел қамын айтқан жақсыны

Сөйлетпей, ұрар ұртына.

Бауыздамай ішер қаныңды,

Өлтірмей алар жаныңды,

Қағазға жазар малыңды,

Есепке салар барыңды,

Еліңді алар қолыңнан,

Әскер қылар ұлыңнан!

Бұл – белгілі бір халыққа арнап айтылған сөз емес, жалпы отаршылдыққа қарсы сөз. Одан кейінгі заманда Махамбеттің қамыққанда айтқаны бар.

Бұл қонысқа қондырған

Ата-бабам оңбасын,

Таңда – сират басында.

Отаршылдықтан құтылудың еш амалын таппаған. Одан ке­йін Шортанбай, Мұраттардың қаншама өлеңі бар. Міне, қазақ соншама заман тәуелсіздікті аң­сады. Кейінгі Алашорда қай­раткерлері де көп нәрсені аш­ты, көп нәрсені орындап, біраз нәрсенің жолын салып кетті. Мағ­жанның өлеңдері айрықша. Сол тәуелсіздік біздің еншімізге бұйырды. Менің заманым қа­зақ­тың кішкене әлсіре­ген, шарша­ған уақыты болды. Қайт­кенмен де, Тәңірі жарылқап, тағдыр­дың жазуымен тәуелсіздік алдық. Ен­ді соның қызығын көріп отырмыз. Қадірін білмей жатқан жағ­дайымыз да бар. Осыны айтып отыру керек. Болашақ ұр­пақтың өмірі мүлде басқаша бо­лады. Ал енді осы той тойға жалғаса берсін. Еліміз өткендегі барлық қиындықтан арылып, алдағы заманда үлкен нәтижеге жететін болсын. Халқымыз­дың саны көбейсін. Еліміз өркен­дей берсін. Қазақ аман болсын, Қазақстан дәуірлей берсін. Қазақстанның құрамындағы диаспоралардың бәрі қазақтың төңірегіне үйіріліп, қа­зақтың тілеуін тілейді деп ойлаймын.»

АҚШ, Уашингтон шаһары,

2022 жыл, 28 қазан

Дереккөз: egemen.kz

Басқа жаңалықтар
10-08-2026
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына өтінім қабылдау жалғасып жатыр.
Бұл – қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосып жүрген талантты авторлардың шығармашылығын қолдауға және үздік туындыларды дәріптеуге бағытталған маңызды жоба.
28-07-2026
XXIII халықаралық «Искусство книги» байқауына 23–24 шілде аралығында Минск қаласында ТМД елдерінің кітап ісі саласындағы арнайы номинациялар бойынша дауыс беру кезеңі өтті.
Аталған кезеңде қатысушы мемлекеттер ұсынған басылымдар әділ қазылар тарапынан жан-жақты қаралып, әр номинация бойынша үздік жұмыстарды анықтау мақсатында дауыс беру рәсімі жүргізілді
28-07-2026
2026 жылғы 22–24 шілде аралығында Беларусь Республикасының Минск қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Искусство книги» халықаралық байқауы өтті.
Іссапар аясында Асхат Құсайынұлы Беларусь Республикасының кітап ісі мен баспа саласының қызметімен жан-жақты танысты. Сонымен қатар Ұлттық Беларусь кітапханасы мен Беларусь Кітап палатасында болып, мекемелердің негізгі бағыттары, құжаттарды сақтау және ғылыми-библиографиялық жұмыстарымен танысты.
01-07-2026
ҰЛТТЫҚ КІТАП ПАЛАТАСЫНА ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВ АТЫНАН ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ АРНАЙЫ БАСЫЛЫМЫ ТАБЫСТАЛДЫ
 Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан еліміздің жаңа Конституциясының арнайы басылымы салтанатты түрде табысталды.
30-06-2026
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы» республикалық мемлекеттік мекемесі мен «М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды.
8 (727) 397-61-15
Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй
© 2026 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АРХИВ, ҚҰЖАТТАМА ЖӘНЕ КІТАП ІСІ КОМИТЕТІНІҢ "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІТАП ПАЛАТАСЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ