Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй. 8 (727) 397-61-15
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АРХИВ, ҚҰЖАТТАМА ЖӘНЕ КІТАП ІСІ КОМИТЕТІНІҢ "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІТАП ПАЛАТАСЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
Басты бет / Жаңалықтар / Астанада Светқали Нұржанның «Ай таранған түн» атты әдеби-сазды кеші өтті
Астанада Светқали Нұржанның «Ай таранған түн» атты әдеби-сазды кеші өтті
02-03-2023

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде белгілі ақын, «Құрмет» орденінің иегері Светқали Нұржанның қатысуымен «Ай таранған түн» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Кездесуге ақынның университеттің студенттері мен оқытушылары қатысып, ақын өзінің шығармашылығы жайлы кеңінен әңгімелеп берді береді.

Аталған кездесуді өткізуге бастамашы болған ЕҰУ қабырғасындағы «Кәусәр» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбай ақын Светқали Нұржанның шығармашылық ғұмырнамасынан үзінді келтірді.

«Жалынды жырларымен елдің рухын көтеріп жүрген маңғыстаулық ақын Светқал Нұржанды Айт-ман дейді. Ол енді Әбіш Кекілбаевтың қойған аты. Жуырда «Қазақ шайырлары» атты кітабының Анкарада тұсаукесері өтіп, түркі әлемінде сенсацияға айналды. Елге түркі әдебиетінің алтын медалін тағып қайтты. Өзі де аудармашы ретінде өндіртіп жұмыс істеген Светқали Нұржан француз, ағылшын, неміс, румын, грузин, украин, орыс ақындарын, шығыстан араб, парсы, түрік, түркімен ақындарын тәржімалап, қазақша сөйлеткен», – деген ол ақынның өмірбаянын тарқата баяндап, бүгінге дейін 22 кітабының жарыққа шыққанын, сондай-ақ өлеңдерінің ЮНЕСКО-ның алты тіліне аударылып басылғанын атап өтті.

Кездесуде университет студенттері ақын шығармашылығынан өлең оқып, арнау айтты. Оқырмандардың бүгінгі қоғамдағы көкейтесті мәселелерге қатысты сауалдарына ақын өз тарапынан мәдениет һәм рухани құндылықтар төңірегінде шешіле жауап берді.

«Қазақ тілінің бүгінгі жағдайы туралы қандай ойдасыз? деген оқырман сауалына жауап берген Светқали Нұржан кейінгі балалардың тілі орысшаланып бара жатқанын айтып, алаңдаушылығын білдірді.

«Қазақ тілінің жағдайынан басқа қайғымыз жоқ қазір. Бұл – айтсаң ауызың күйетін, айтпасаң иманың күйетін мәселе болып тұр. Қазақ балабақшасына баратын балалардың тілі бөтен тілде шығып кетіп отыр. Маңғыстау мен Шыңғыстауда бір орысы жоқ балалардың тілі орысша шығып жатыр. Егер тілімізді қорғап қала алмайтын болсақ, мына даланы 300 жыл несіне қорғадық?! Кешегі Кенесары Ақмоланы шапқанда Қараөткелдің қабірстанындағы 200 ақшейіт не үшін қанын төгіп, не үшін жатыр астаның қақ ортасында? Егер тіліңнің қасиетін мемлекетіңнің басында отырғандар сезіне алмайтын болса, онда не үшін керек мына тәуелсіздік?» – деп толғанды ақын.

Светқали поэзиясының қамтыған тақырыптары әр алуан. Ақын әдеби кеш аясында студенттік шақтағы естеліктері туралы айта келе, сол кезеңдердегі өзін толғантқан, тебіренткен, сезіміне әсер еткен көріністер мен қарапайым өзгерістер турасындағы өлеңдерін оқып, оқырман қауымды сыршыл кезеңдердің жетегіне ертті.

Содан кейін сөз алған белгілі түрколог, филология ғылымдарының докторы Қаржаубай Сартқожаұлы шығармашылық жолы туралы әңгімелей келіп, Светқалидың «реформалар» мен «төңкерістер» әкелген стилі туралы сөз қозғады.

«Өлеңдеріңізді оқимыз, әңгімелеріңді тыңдаймыз. Біздің айта алмаған, айтуға жүрегіміз жетпеген дүниелерді батыл айтып жүрсің. Әбіш атамыздың ізін басқан інісісің, істей алмаған, айта алмаған дүниесін өзің атқарып келесің. Ол кісі саясатпен айналысып, көп дүниені айта алмады. Ол кісімен де кезінде әңгімелескен едім», – деді Қаржаубай Сартқожаұлы.

Басқосу соңында Светқали Нұржанға университет ректоры Ерлан Сыдықов Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Күлтегін» медалі табыс етті.

ЕҰУ «Кәусар» мәдени танымдық бірлестігі 2012 жылы құрылды. 10 жыл ішінде Еркеғали Рахмадиев, Кәкімбек Салықов, Илья Жақанов, Әкім Тарази, Исрайыл Сапарбай, Ақұштап Бақтыгереева, Несіпбек Айтұлы, Көпен Әмірбек, Серік Тұрғынбек, Ханбибі Есенқарақызы, Ұлықбек Есдәулет, Серік Ақсұңқарұлы сынды әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерімен кездесулер өтіп келеді.

Айта кетелік, Светқали Нұржан 1962 жылы Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында дүниеге келген. 1986 жылы ҚазМУ-дың (қазіргі ҚазҰУ) филология факультетін бітірген. Ауылдағы орта мектепті бітірген соң жылқышы, мұнай өндірісінде жұмысшы болған. Жоғары білім алғаннан кейін «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен», 1986-87) журналында, Қарақия аудандық мәдениет бөлімінде (1987-94), облыстық «Өнер» қорында (1994-95; 1995 жылдан осы қордың президенті) қызмет істеген. Нұржанның өлеңдері облыстық және республикалық мерзімді баспасөзде, студенттердің жыр жинағында («Аудитория», 1984) жарияланған. 1993 жылы «Аруана» атты жеке жинағы, бұдан кейін үш томдық «Таң қауызын жарғанда» жинағы (2002) жарық көрді. «Дарын» (1996), Қазақстан Жазушылар одағының Т.Айбергенов атындағы сыйлығының және әдебиет саласындағы Президенттік стипендияның иегері.

Дереккөз: halyq-uni.kz

Басқа жаңалықтар
13-10-2026
Қазақстан әдебиеті Германиядағы ірі кітап жәрмеңкесінде таныстырылды
7-11 қазан аралығында Германияның Майндағы Франкфурт қаласында Frankfurter Buchmesse 2026 халықаралық кітап жәрмеңкесі өтті. Қазақстанның ұлттық стендінде 15-тен астам отандық баспаның 300-ге жуық кітабы ұсынылды. Жәрмеңкеге 30-дан астам қазақстандық баспагерлер мен әдебиет саласының өкілі қатысты.
09-10-2026
Франкфурттегі кітап жәрмеңкесінде 300-ге жуық қазақстандық кітап таныстырылды
7-11 қазан аралығында Германияның Майндағы Франкфурт қаласында «Frankfurter Buchmesse 2026» 78-ші халықаралық кітап жәрмеңкесі өтіп жатыр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жәрмеңкеде үшінші жыл қатарынан Қазақстанның ұлттық стенді ұйымдастырылды.
29-09-2026
ҚазҰУ студенттеріне Ұлттық мемлекеттік кітап палатасында арнайы шеберлік сағаты өткізілді
29-09-2026
«Жылдың 10 оқырманы» жобасының жеңімпаздарына 10 млн теңгеден беріледі
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасына арналған брифинг өтті.
07-09-2026
Қазақстан халықаралық кітап байқауында тоғыз жүлделі орынға ие болды
Қазақстандық баспалар ұсынған кітаптар Минск қаласында өткен XXIII «Искусство книги – 2026» халықаралық байқауында тоғыз жүлделі орынды иеленді. Байқау нәтижесі бойынша отандық авторлардың кітаптары екі бірінші, төрт екінші және үш үшінші орынды иеленді.
8 (727) 397-61-15
Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй
© 2026 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АРХИВ, ҚҰЖАТТАМА ЖӘНЕ КІТАП ІСІ КОМИТЕТІНІҢ "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІТАП ПАЛАТАСЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ