ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасына ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Динар Нүкетаева арнайы келіп, кітап палатасы ұжымымен кездесті. Сенаторлар мекеменің қызметімен, атқарып жатқан шараларымен танысты.
«Қазақ жастары сауатты, мәдениетті болуы үшін әлеуметтік мәселелермен қатар рухани мәселелерге көңіл бөлінуі керек. Атап айтсақ, көркем шығармалардың таралымын көтеру мәселесін қолға алу керек. Шешімін таппаған мәселелерді нақтыласақ, оның орындалуына біз күш саламыз. Осыған дейін мәдениет саласы «қалдық принцип» бойынша қаржыландырылса, қазір олай емес, сең қозғалды. Сонау кеңестік кезеңдегі жинақтарды қайта басып шығара беруді тоқтатып, әдебиетте, әсіресе балалар әдебиетінде жаңаша, заман талабына сай, ізденіп жазып жүрген авторлардың шығармаларын жариялау қажет. Оларға мүмкіндік жасалуы керек» деді белгілі публицист, депутат Нұртөре Жүсіп.
Кітап палатасының бірден бір қызметі — библиографиялық-ақпараттық өңдеу. «Мемлекеттік библиография бөлімдері (қазақ және орыс)» келіп түсетін басылымдарды өңдеуден өткізеді. Сауатты библиограф мамандар дайындау мәселесі кітап палатасы үшін аса өзекті. Осы ретте, сенатор Динар Жүсіпәліқызы соңғы жылдары библиограф мамандарды даярлайтын бірден-бір жоғары оқу орны Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне мемлекеттік гранттар бөлінбей жүргеніне қынжылды.
«Осы мәселеде күресіп жүріп, бірнеше ректорлық грант бөлінетін болды, қалғаны тек ақылы оқуға мәжбүр», - деді сенатор ханым. Осы жағдайдың да шешімін іздестіріп жатқанын айтты.
Депутаттар «Кітап палатасы баспалармен бірлесіп, Алматы қаласы әкімдігі қолдауымен, жаңа шығып жатқан кітаптарды насихаттау мақсатында қаладағы алаңдар — Арбатта, Республика Сарайының алдында ашық аспан астында, күн суытқанда Әуезов театрының фойесінде кітап көрмелерін ұйымдастырғымыз келеді» деген Әділ Қаженбайұлының ұсынысына өз тараптарынан барынша қолдау көрсететінін айтты.
Кітап палатасының басшысы отандық кітап нарығының жай-күйі, авторларымызды насихаттау, авторлық құқық секілді кітап шығару саласындағы өзекті мәселелерді баяндады. Сондай-ақ Әділ Қаженбайұлы 5 миллионға жуық басылым қоры сақталған мұрағаттың жай-күйін, мекеме ғимаратына қатысты әлі де шешімін таппаған мәселелерді баян етті.
2020 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында Кітап палатасында «Сирек кітаптар мен басылымдар мұражайы» ашылған. Онда алаш зиялыларының еңбектері, бір ғасырлық тарихы бар жәдігерлер сақталған. Депутаттар сол еңбектермен танысып шықты.
2021 жылдан бастап «Мәдениет туралы» заңға енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға сай «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шығармаларды қабылдау және алдын ала іріктеу Кітап палатасына жүктелген. Сенаторлар осы шараның атқарылу барысымен да танысты.
Сенаторлар ұлттың рухани қазынасын жинап, жүйелеп, сақтап, кітап нарығы мәселелерін шешуге атсалысып жатқан Кітап палатасы мемлекет, ұлт үшін өте маңызды қызмет атқарушы ғылыми-библиографиялық, ақпараттық орталық екенін айтты. Халық қалаулылары кітап палатасы пандемия жағдайына қарамастан, конкурстар, семинарларды онлайн форматта өткізіп, отандық кітап нарығын жандандырудың барлық амалын қарастырып жатқанына ризалығын білдірді. Еліміздегі қаламгерлер шығармаларының электронды нұсқасын орналастыруға мүмкіндік беретін кітап палатасы басшылығы жүзеге асырған Smart Qalamger жобасын, «Қазақ әдебиеті» газетімен бірлескен «Асыл сөз жобасын» жоғары бағалады.