Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй. 8 (727) 397-61-15
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АРХИВ, ҚҰЖАТТАМА ЖӘНЕ КІТАП ІСІ КОМИТЕТІНІҢ "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІТАП ПАЛАТАСЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
Басты бет / Жаңалықтар / Маралтай Райымбекұлының «Аруана» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті
Маралтай Райымбекұлының «Аруана» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті
05-02-2021

Алашқа аты кеткен айтулы ақын, Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары Маралтай Райымбекұлының «Аруана» кітабының тұсаукесер салтанаты өтті. 

Оқырмандары көптен күткен іргелі еңбек алғаш рет ақынның өзі жұмыс істейтін мекемеде - Ұлттық мемлекеттік кітап палатасында жарияланды. 

Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары Толқын Тұрғалиқызы салтанатты рәсімнің модераторы болды.
Алғашқы сөзді Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қаженбайұлы Қойтанов алып, ақынның жаңа туындысына ақ жол тілеп, лебізін білдірді. 

«Бұл – алып империя Алтын Орданың 750 жылдығының қарсаңында шыққан аса салмақты шығарма. Алтын Орданың 750 жылдығын бір жыл тойлаумен шектелмейміз. Осындай көпшілік оқырманға арналған шығармалар саны артса, әдебиеттің ахуалы жақсара түспек. Маралтай Райымбекұлының жаңа кітабы – өзіне жүктелген аса маңызды міндеттің жемісі, нәтижесі. Ақын ол міндетті абыроймен атқарып шықты деп есептейміз», - деді ол. 

Мекеме басшысы «Аруана» кітабының тұсауын кесіп, лентасын қиды. Әрі қарай кітап авторы өзінің бұл шығармасын жазу жолындағы ләззатты машақаты туралы әңгімелеп берді. 

«Мен бұл еңбекті жазу туралы ойға осыдан жиырма жыл бұрын келген едім. Ұлы Жібек жолының бойындағы Каирдан, Бағдаттан бір кемдігі жоқ Сарайшықтың халі жаныма батып, сол жолда іздене бастадым. Қанша дүние таптық, материал жинадық. Бір кісі «Роман дайын, тек соны жазып шығу ғана қалды» деген екен. Сол сияқты біз де санада қорытқан еңбегімізді айналасы жиырма күннің ішінде қағазға түсірдік. Түсіре салып, бастырғанымыз жоқ. Ел ағаларына – айтулы жазушыларға, белгілі актерлерге көрсетіп, пікір-көзқарасын сұрадық. Асанәлі Әшімов ағамыз бата беріп, Досхан Жолжақсынов «кино түсіруге сұранып тұр» деп пікір білдіріп, Смағұл Елубай ағамыз кино түсіріле қалса соавтор болуға дайын екенін жеткізді. 

Бұл шығарманың ішіндегі оқиғалар – ХІІІ ғасыр кейпі. Тарихи құжаттар арқылы сол заманға сапарладық. Әмірхан Балқыбекті, оның жары – Мархабатты кейіпкер етіп қосып, әдебиеттегі батыл қадамға барғанымды да жасырмаймын. Осы еңбекке материал жинағанда қатты толғандым, тебірендім. Берке мен Бейбарыстың қарым-қатынасын, Бейбарысқа ұзатылған Беркенің қызы Қисса-диннің парасатын, данышпандығын көрдім, бәрін жаныммен, түйсігіммен сезіндім. 

Кітаптың «Аруана» аталу себебі мынау: Бейбарысқа ұзатылып кеткен Қисса-диннің жетегінде аппақ ботасы болыпты. Бейбарыстан Берке дейтін ұл туып, кейін Бейбарыс патшаны да, артынша таққа отырған оның ұлын да улап өлтіргеннен кейін елге қайтқан Қисса-дин уағында өзі жетектеп кеткен ақ ботаны – аруананы жетелеп қайтыпты. Сарайшық топырағында өткен осынау ұлы оқиғалардың желісі тебірентпей қоймады», - деді ақын. 

Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы қызметкерлерінің қойған бірнеше сұрағына жауап берген ақын өз еңбегінің деңгейіне берілген баға туралы, болашақ жоспарлары туралы сөйледі. 

«Бүгінгі шара – «Аруананың» ел алдына алғаш шығуы. Осы жерде материал жинап, қол қалт еткенде шығармашылық еңбекке ден қойып, кітаптың сұлбасын құрастырдық. Қазақстандағы аса маңызды мекеменің – кітап көмбесі жиналған жердің төрінде қазақтың бір ақыны тұсаукесер жасай қалса, қуану керек. Пандемия жайына қарай алдағы уақытта еліміздің үш өңірінде салтанатты шара жасауды жоспарлап отырмыз: біріншісі – Жайықтың жағасындағы Атырау қаласы, екіншісі – ел астанасы, үшіншісі – Алматы шаһары. Бүгінгі кездесуді де мен осы қатарға қосамын. Кітаптың болашағы өзіне серт. Бұл кітапты Маралтай жазғаны маңызды емес, қамтитын ауқымы мен тарихи салмағы маңызды», - деп түйді ол. 

Ақын Маралтай Райымбекұлының «Аруана» еңбегі жалпы оқырман қауым тарапынан қолдау тауып, алдағы уақытта бірнеше мәрте қайта басыларына сеніміміз мол. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының қабырғасында ұлттық маңызы бар еңбектің тұсауы кесілгені – аса маңызды оқиға. 
Қазақтың Маралтайы үшін, елдің ақыны үшін, жұртының азаматы үшін әріптестері шын қуанды. Жырымен жұртының жүрегін жаулаған, әдебиет марғасқаларын жас күнінде мойындатып үлгерген, әдебиетте өз қолтаңбасы қалыптасқан Маралтай Райымбекұлын «Аруана» кітабының жарыққа шығуымен Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ұжымы шын жүректен құттықтайды. 
Басқа жаңалықтар
01-07-2026
ҰЛТТЫҚ КІТАП ПАЛАТАСЫНА ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВ АТЫНАН ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ АРНАЙЫ БАСЫЛЫМЫ ТАБЫСТАЛДЫ
 Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан еліміздің жаңа Конституциясының арнайы басылымы салтанатты түрде табысталды.
30-06-2026
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы» республикалық мемлекеттік мекемесі мен «М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды.
26-06-2026
Қазақстан кітапханалар одағының «Жаһандық көзқарас және тұрақты даму: кітапханалардың болашақты құрудағы рөлі» атты кезекті көшпелі отырысы
Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткізіліп жатқан көшпелі отырыс аясында, Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Асхат Құсайынұлы Байұзақов «Кітапхана және кітап баспа ісі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша баяндама жасады.
22-06-2026
Софы Қалыбекұлы Сматаев
   ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының ұжымы көрнекті жазушы, драматург, аудармашы, қоғам қайраткері, Кітап палатасының ұзақ жылдар бойы бас директоры болған Софы Сматаевты 85 жас мерейтойымен шын жүректен құттықтайды!
22-06-2026
Кітап палатасы халықаралық кітап көрмесінде Қазақстанның баспа өнімдерін таныстырды
2026 жылғы 17–21 маусым аралығында өткен Азиядағы ең ірі халықаралық кітап форумдарының бірі – Бейжің халықаралық кітап көрмесі табысты қорытындыланды.
8 (727) 397-61-15
Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй
© 2026 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АРХИВ, ҚҰЖАТТАМА ЖӘНЕ КІТАП ІСІ КОМИТЕТІНІҢ "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІТАП ПАЛАТАСЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ