Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй. 8 (727) 397-61-15
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АРХИВ, ҚҰЖАТТАМА ЖӘНЕ КІТАП ІСІ КОМИТЕТІНІҢ "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІТАП ПАЛАТАСЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
Басты бет / Жаңалықтар / Сағи жыры
Сағи жыры
10-02-2023

Ерте, ерте, ертеде, ескі жылдар қойнауында, Түркістан облысының белгісіз бір ауылында, белгісіз бір үйде қоп-қоңыр қос томдық тұратын. Ішіне үңілсеңіз балалық пәктікпен, аусар адалдық, жылылықпен үйлесетін ақмоншақ жырлар төгіле беретін. Сәби райлы, нәркес жүректі самал елітіп, еліктіре түсетін. Сірә, ақыннан қалары қорғаушысыз, кепілсіз бейкүнә өлеңдер ғана.

«Көктемде бұлттар асығып,

Селдетіп өте шығатын,

Артынан шайдай ашылып,

Дүние балқып тұратын.

Малшынып шилер нөпірге,

Қайтадан гүрлеп ошақтар,

Аспанға шығар көпірдей –

Тұратын кемпірқосақтар».

Осынау ақ қанат шумақтарда қаншама өмірге ғашықтық, болашаққа іңкәрлік, ертеңге құштарлық бар десеңші. Алда асу-асу армандар, қожыр тас­тардай қиял тізбектері. Сағи ақынның жаны махаббатпен суарылған. Ол түнекті білмейді, білсе де бұрылмайды. Шын мәнінде, түнек адам санасында ғана өмір сүретінін ескерсек, шын ақын нұрлы ойдың хабаршысы. Басына күн байланған асатаяғын қолына алған ол оқырманды көбелек қанатына таң қалуға, жапырақ бетіндегі иероглифтарды оқуға шақырады.

«Көктемде бір тоғайлар шуылдайтын,

Көктемде дуылдайтын,

Бетке жұққан даланың ақ тозаңы,

Ақ жаңбырлар жумаса, жуылмайтын.

Тамшы көрмей, тобарсып қалған қыр да,

Жаутаңдайтын аспаннан жауған нұрға.

Ақ жаңбырдың астында жүйткіп жүріп,

Біз де айналып кетуші ек ақ жаңбырға».

Қандай пәктік! Ақ жаңбырлар астында жүгіріп жүріп, сол жаңбырдай пәктіктің өзіне айналу неткен ғанибет! Ақын өлеңдері жан құбырын шайып өтуші мөп-мөлдір өзен секілді. Жырлардан бас алған соң дүние маржандай жайнап сала береді. Руми айтқандай, терезесі балшық жандар ғана дүниені балшық етіп көрмек, ал балшықты тұма өзенмен шая білсек жер беті таң қалу орны екенін ұғынар едік. Ұлы Мұхтар Әуезов Сағи ақын жөнінде бүй депті: «Сағи Жиенбаевтың бірқатар өлеңдерін оқыдым. Оларда толып жатқан образ, көп шындық, көпшілікке ортақ шындық бар. Бір түрлі еліктіретін, сүйсіндіретін, оқушыға бас игізетін соншалық шындық пен бетке ыстық демі сезіліп кеткендей көрінетін шыншылдық бар. Поэзия керек – осы шыншылдық».

Ақынның «Оң аяқ» өлеңі күрделі кезеңнің бет бейнесін ашатын тағдырлы туынды. Өлеңде күн ұзаққа шөп шауып, малды бағып, құйттай-құйттай сәбиін қолына алып отыратын майдан уақытын­дағы жесір әйелдер суреттеледі. Әйелдер «келер ме екен көкешің, құлыншағым, оң аяғың көтерші» деп ырым етеді. Бәрі оң аяққа сүйінішпен қарап, баланың башпайы қыбыр етсе күйігі жуылып кетердей қуанысады. Әлгі бала бірде оң аяғын көтерсе үйдің іші мәз-мәйрам, думан болатын дейді ақын.

«Жеткізгендей хабарын ағалардың,

Мәз-мәйрам боп тұратын бала балғын,

Сәби жүрек сезе ме,

аз да болса,

Көтергенін көңілін аналардың».

Өзі өмір сүрген дәуір шындығын бейнелеген Сағи жыры әйелдер образы арқылы қасірет зардабын сезіндіреді. Бір ғана оқиға – заманның бет-бедерін айшықтайды. Ақын жырлары ізгілік қынына салынып, тазалық балғасымен соғылған. Бейне бір әркім өзін тұс-тұстан көре алатын лабиринт секілді.

Батырхан СӘРСЕНХАН

«Егемен Қазақстан» газеті

 

 

Басқа жаңалықтар
10-08-2026
«Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына өтінім қабылдау жалғасып жатыр.
Бұл – қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосып жүрген талантты авторлардың шығармашылығын қолдауға және үздік туындыларды дәріптеуге бағытталған маңызды жоба.
28-07-2026
XXIII халықаралық «Искусство книги» байқауына 23–24 шілде аралығында Минск қаласында ТМД елдерінің кітап ісі саласындағы арнайы номинациялар бойынша дауыс беру кезеңі өтті.
Аталған кезеңде қатысушы мемлекеттер ұсынған басылымдар әділ қазылар тарапынан жан-жақты қаралып, әр номинация бойынша үздік жұмыстарды анықтау мақсатында дауыс беру рәсімі жүргізілді
28-07-2026
2026 жылғы 22–24 шілде аралығында Беларусь Республикасының Минск қаласында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Искусство книги» халықаралық байқауы өтті.
Іссапар аясында Асхат Құсайынұлы Беларусь Республикасының кітап ісі мен баспа саласының қызметімен жан-жақты танысты. Сонымен қатар Ұлттық Беларусь кітапханасы мен Беларусь Кітап палатасында болып, мекемелердің негізгі бағыттары, құжаттарды сақтау және ғылыми-библиографиялық жұмыстарымен танысты.
01-07-2026
ҰЛТТЫҚ КІТАП ПАЛАТАСЫНА ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВ АТЫНАН ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯНЫҢ АРНАЙЫ БАСЫЛЫМЫ ТАБЫСТАЛДЫ
 Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан еліміздің жаңа Конституциясының арнайы басылымы салтанатты түрде табысталды.
30-06-2026
ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖӘНЕ ӨЗАРА ІС-ҚИМЫЛ ТУРАЛЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы» республикалық мемлекеттік мекемесі мен «М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды.
8 (727) 397-61-15
Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй
© 2026 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АРХИВ, ҚҰЖАТТАМА ЖӘНЕ КІТАП ІСІ КОМИТЕТІНІҢ "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІТАП ПАЛАТАСЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ