Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй. 8 (727) 397-61-15
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы
Басты бет / Жаңалықтар / Есенғали Раушанов. Ақын мың баспа табақ кітап оқып, он баспа табақ кітап жазса қандай жақсы!
Есенғали Раушанов. Ақын мың баспа табақ кітап оқып, он баспа табақ кітап жазса қандай жақсы!
17-02-2023

Өзін көрмесең де шығармаларын жаныңа жақын көретін ақыныңмен кездесу, аз-кем сұхбат құру бола бермейтін мүмкіндік десек те, ойлап келгенде бұл да оңай шаруа емес. «Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ежелгі дәуір әдебиетіне бойлаған, Орхон, Талас жазбаларынан сыр тартқан, әйгілі «Ғайша Бибі» дастанын жазған, жыраулар поэзиясының сарқытындай Есенғали Раушановқа барғанда не деймін, әңгімеміз қалай болар екен?» деп ойлап қоярың да бар. Ақынның Жайық өңіріне арнайы келгені мұндай жақсы болар ма, екеуара әңгімеміз төмендегіше өрбіді.

- Аға, алдымен әңгімемізді қара сөзбен жазылған өлеңдерден бастасақ. Негізі бұл - Еуропада библиялық дәстүр арқылы дамыған жанр екенінен, Францияда басқа елдің өлеңін аударуда қолданылатынынан ептеп хабарымыз бар. "Тас балбал", "Ымырт", "Сатқынды" оқыдық, мұнда ұйқас, ырғақ сияқты өлеңге қажетті компоненттер жоқ, керісінше, поэтикалық тіркестер мен ой үйлесімділігі байқалады. Мұны түсініп, қабылдау да оңай дей алмас едік. Қазақта осы синкреттік жанр бұрыннан болған ба, әлде, соңғы кезде пайда болған жаңалық па?

- Мен бұл жанр қазақта жоқ дегенге келіспеймін. Мысалы, фольклорды оқып отырсаңыз, «әлқисса» деп басталады да, жырды бастап жібереді. Өлеңді төгілтіп айтып келіп, «әлқисса» деп қара сөзге ауысады. Меніңше, мұның екі-үш себебі бар. Бұрынғы шалдар өлеңнің табиғатын түсінген ғой, әдетте қара сөзді өлең етістікке құрылады. Шаршаған кезде домбыраны қойып, шайын ішіп отырып, ары қарай қара сөзді өлеңге кезек береді. Қара сөзбен өлең жазу маған дейін де болды, бірақ, оқсай қоймаған сияқты. Менің де жазғаным 3-4 қана нәрсе. Бұл қара сөз болғанымен, негізгі табиғаты - өлең. Егер сол жазғанымды өлеңге салсам, баллада болады. Ал, балладаны кез-келген жаза алады. Прозалық пішіндегі лирикалық туындыда әдетте көлем қысқа, эмоция жоғары болады, мұны ритмдік прозамен не еркін өлеңмен шатастыруға болмайды. Поэзияда үнемі ізденіс болуы керек, сол кезде іргелі дамиды, не оңға, не солға да кетіп қалады, әйтеуір, қозғалыс үстінде болады. Әлемдік әдебиеттің бәрінде де ақ өлең бар, мұны верлибер дейді. Бірақ, мұны қазақтың қабылдауы қиын, бізге ол не өлең болуы керек, не қара сөз болуы керек. Мен осы екеуінің арасынан көпір іздегім келеді.

- Жырларыңызда Түркі қағанаты, Білге қаған, батыр Құлтегін, дана Тоныкөкке әлсін-әлі қайыра соғып отырасыз, Орхон, Талас жазбаларына құмартатын секілдісіз?

- Сенің сұрағың келіп отырғаны тарихи тақырып пен бүгінгі күннің сабақтастығы ғой. Орхон, Талас жазбалары - ата-бабамыздың тілдік бейнесі. Көне тіл. Өткен тарих. Мен әдебиетке келген 70-жылдары кемелденген социализмнің тұсы болатын. Коммунистік идеология ұлттық идеологияны жерге тыға бастады. Қолға қару алып, қол жинайтын заман емес, оны уақыт көтермейді, дұрысында мұның бәрі бізді қоршап, басып алған кездегі империяға қарсылықтан туған өлеңдер. "Қара бауыр қасқалдаққа" дейін жалғасқан дәстүр сабақтастығы ішкі жан-дүниені халыққа жеткізу ниетінен туған. Жалпы, менің шығармашылығым қарсылыққа құрылған. Қаламгердің жеке өміріне байланысты. Мен халық жауының баласымын. Әкем Батыс Қазақстанда ұсталған. Біз фамилиямызды өзгертуге мәжбүр болдық. Тағдыр – бір ақынның маңдайына жеткілікті бақыт. Мен әлі күнге Есенғали Раушановтың көркемдік әлемін құруға тырысып келемін.

- Аз жазасыз. Сіздің кітабыңыздан гөрі сізді зерттеушілердің еңбегі әлдеқайда көп.

- Ия, менің шығармашылығым туралы «Даңғыл», «Тұма жырдың тұнығы» деген екі монография жарық көрді. Кандидаттық диссертациялар да жетерлік. 35 жылдан бері жазып келемін, жазғандарым жалғыз-ақ кітап. Жазуды өндіре алмасам да оған өкінбеймін. Уақытымның көбі оқуға кетті, үлгермегенім қанша... Егер алда-жалда өмірді қайта бастап жатсам да дәл осылай бастар едім. Ақын мың баспа табақ кітап оқып, он баспа табақ кітап жазса қандай жақсы! Кітапханамды Маңғыстау университетінің кітапханасына сыйладым. Үш баламның әдебиетші болғанын қаламадым. Шетелдегісі де, елдегісі де басқа салада. Менің ұғымымда әдебиет жарқ етіп көріну емес, атақ-мансап, билік, кітап шығару да емес, ол – күрес, оңаша жылау, рахатынан гөрі азабы басым. Мен халыққа ұнау үшін жазған емеспін, өзімді тану үшін, табу үшін ғана жазамын.

- «Дария мен ол» деген өлең. Кейіпкердің аты жоқ, жалпы сипатта берілген. Сюжет те, реалистік баяндау да жоқ, субьек-әсер, күйзелісті байқадық, өздеріңіз айтып жүрген модерн-әдебиетке келетіндей. Сосын сізде жылан туралы аңыз-әфсана көп, тіпті ата-тегіңізді жыланмен байланыстырасыз, атаңыздың әруағы сарыүйек жылан болған екен дегенді айтқаныңыз бар, жылан сіздіңше ненің символикасы?

- Оның бәрі табиғатқа деген симпатиядан туған өлеңдер. Сосын мен жыланды жақсы көремін. Жылан – «без вины виноваты» деген ұғым. Нұх пайғамбарынан бермен қарай оған деген қарсылық тоқтаған емес. Біз оны зұлымдықтың символы көреміз. Ең бір мейірімділік танытқанда басына ақ құйып шығарамыз. Біреулер ата-тегін қасқырмен байланыстырады, меніңше жыланның айналып келіп өзін буындыратыны қазақтың тағдырына келіңкірейді.

- Ақынның сыры – өлеңінде. Нағашыларыңыздың түп қазығы Бекет атаға байланады. «Тілінде кәлиматы, шаһадаты, дінінде иман, ынсап, көңілде – Алла» деп образын жасағансыз әжеңіздің. «Мешін жыл мешітті әскер талағанда, кітабын теңдеп алып қара нарға» шығып жүре берген, сол кеткеннен оралмаған атаңыз...

- Әдебиет өнер ретінде діннің насихатшысы болды. Мен діннің шын бейнесін танығым келеді. діннің міндеті халықты топқа, жікке бөлу емес, біріктіру деген жақын ролі бар. Яссауи туралы циклдік өлеңдерім бар, сонда өзімнің дін туралы ойларымды айттым. Дін туралы келгенде принципті түрде келіспейтіндерім бар. Мен мұсылманмын, классикалық дінді қалаймын. Бала кезден араб әрпін үйретті, Мағжан, Әлихан, Ахметтердің шығармаларын арабша оқып-таныдым.

- Соңғыда проза жаздыңыз. "Нұрдан жаралған" романындағы бір кезде Ақ үйде қызмет істеп, Тәуелсіздіктен кейін жындыханаға жатқызылып, қаңғыбас күй кешкен Еркінбектің бейнесі типтік бейне ме, әлде біреудің прототипі ме? Сосын, Марина атылып қалды, романның соңы дегенмен шығарма аяқталмаған сияқты.

- Иә, аяқталған жоқ. Кезінде Әбдіжәміл аға ықтиярымсыз алып кетіп басып еді. Қазір оған қол тимей жатыр. Мұның бәрі біздің өткеніміз бен бүгініміз. Негізі прозаға ауысу - табиғи процесс. Қартая бастадық. Мен бұрын да жазатынмын, оларды псевдониммен беріп жүрдім. Мүмкін, алдағы күндері менің прозалық шығармаларым жарық көріп қалар. Есенғали Раушановты ақын деп біледі. Міндетті түрде ешкімге ұқсамайтын жазушылық жолы боларына сенемін.

- Құстар туралы жазып жүрсіз. Торғайды қазаққа ұқсатасыз. Құсты зерттеу хоббиіңіз бе?

- Құстар туралы 30-40 очерк жаздым. Құстің 8600 түрі бар. «Құстар біздің досымыз» деген кітап 2 рет басылды. Киностудия кино түсірмекші. Менің түсінігімде құстар мен адамдар ықылым заманнан бері бірге тіршілік еткен. Сосын бір бөлігі қанат бітіп көк аспанға ұшып, бір бөлігі жерде қалған. Аспан мен жердің арасындағы туыстардың ортақ құбылысы - екеуі де кеңістікті, еркіндікті сүйеді.

- Жансүгіровтың «Құлагерін» бір деммен жатқа оқитыныңыз туралы естігенбіз. Тоқаш Бердияров туралы «Көке» деген шығарма жаздыңыз. Тәкен, Асқар ағаларыңызды тау көресіз. Бұлардың қайсысы болсын, заманында ағысқа қарсы жүзген адамдар. Шығармалары қарсылықпен жазылған еді ғой. Енді айтыңызшы, кейінгі інілеріңізге алдыңғы ағаларыңыздың деңгейіндегі аға бола алып жүрмін деп ойлайсыз ба?

- Жоқ, мен олардай бола алмаймын. Олар қайталанбайды. Мүмкін, бұл менің оларды қалай қабылдайтыныма байланысты шығар. Мен ағаларым туралы үлкен шығарма жазсам деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан: Жадыра Шамұратова

adebiportal.kz

Басқа жаңалықтар
09-07-2024
Мерекелік күндер тізіміне тағы бір мереке қосылды: 23 сәуір - Ұлттық кітап күні.
Үкіметтің 2024 жылғы 29 маусымдағы Қаулысымен Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесіне тиісті толықтырулар енгізілді. Мерекелік күндер тізіміне тағы бір мереке қосылды: 23 сәуір - Ұлттық кітап күні.
05-07-2024
Қаншама еңбек, қаншама тер…
3 шілде ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап Палатасының «Мемлекеттік библиография (қазақ тобы)» бөлімінің мамандары Сарсенбаева Асемай Нұртайқызы, Болатова Жаннұр Болатқызы, Әлімберді Ләззат Айтжанқызы ҚазҰУ журналистика факультетінің  магистратурасын тәмамдап, диплом алды. Кітап Палатасының басшылығы жастардың оқуға деген қызығушылығын қолдайтынын алға тарта отырып, ұжым мамандарға  ізгі тілек білдіріп,құттықтады.
01-07-2024
Әдеби сыйлық, тың жобалар: қаламгерлерді қолдау үшін қандай шаруалар атқарылып жатыр?
Президенттік арнаулы әдеби сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады
26-06-2024
Президенттік арнаулы әдеби сыйлығына өтініш қабылдау жалғасуда
Жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлығына өтінімдер қабылдау жалғасуда.
26-06-2024
Кинотеатрлардағы осы аптаның көрсетілімдер жинағын назарларыңызға ұсынамыз.
Кинотеатрлардағы осы аптаның көрсетілімдер жинағын назарларыңызға ұсынамыз.
8 (727) 397-61-15
Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй
© 2024 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы