Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй. 8 (727) 397-61-15
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АРХИВ, ҚҰЖАТТАМА ЖӘНЕ КІТАП ІСІ КОМИТЕТІНІҢ "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІТАП ПАЛАТАСЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
Басты бет / Жаңалықтар / Жүргеновтің туғанына 125 жыл: Асхат Оралов Президенттің құттықтау хатын оқып берді
Жүргеновтің туғанына 125 жыл: Асхат Оралов Президенттің құттықтау хатын оқып берді
15-03-2023

Бүгін аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы басталды.

Республикалық көлемде өткізілетін мерейтойлық іс-шараның ашылуы Алматыда Абай атындағы ұлттық опера және балет театрында өтті.

Бұл шараны Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы өткізіп отыр.

Салтанатты шарада Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Қадірлі қауым! Ардақты ағайын!

Баршаңызды түркітілдес халықтардың мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымы ТүркСОЙ аясындағы Темірбек Жүргенов жылының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Темірбек Жүргенов ұлт руханиятын өркендетуге ерекше үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері. Ол еліне адал қызмет етіп, отансүйгіштіктің озық үлгісін көрсеткен халқымыздың біртуар перзенті.

Темірбек Қараұлы халық ағарту комиссариятын басқарған кезде мектеп салу ісіне көп көңіл бөлініп, жұрттың жаппай сауатын ашу ісі жанданды. Қазақ мектептері туралы арнайы қаулы қабылданып, жас жеткіншектердің ана тілінде білім алуына мүмкіндік туды. Сондай-ақ, ол мәдениет саласын дамытуға зор үлес қосты. Еліміздегі алғашқы музыка театрын ұйымдастыруға тікелей атсалысып, қазақ өнерінің қанат жаюуына ықпал етті. Дарынды жандардың шығармашылықпен айналысуына жағдай жасады.

Халқымыз Темірбек Жүргеновтің елге сіңірген ерен еңбегін ешқашан ұмытпайды. Төл тарихымызда өшпес із қалдырған тұлғаның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. ТүркСОЙ ұйымы аясында түркі жұртына ортақ бірегей тұлғалардың ғибратты ғұмыры, еңбек жолы әрдайым дәріптеле береді деп сенемін. Баршаңызға амандық, толағай табыс тілеймін!»- делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.

Биыл қайраткердің мерейтойы ТҮРКСОЙ аясында өтеді.

Т.Жүргенов Халық ағарту комиссары болған жылдары еліміздің ең іргелі ЖОО, өнер мекемелері мен кәсіптік техникумдары, мыңдаған мектептер құрылды.

Оның ішінде қазіргі ҚазҰУ, АлМУ, ҚазҰАЗУ, ҚазҰМУ және Абай атындағы опера және балет театры, Жамбыл атындағы филармония, Құрманғазы атындағы ұлт аспаптары оркестрі және тағы басқалар бар.

Ол кеңестік тәжік, өзбек елдерінде қызмет атқарған жылдары да өзге түркі тектес елдердің мәдениетін дамытуға ұйытқы болды.
«Темір нарком» атанған Т.Жүргенов те сталиндік репрессия құрбаны болып жазықсыз жапа шеккен қайраткерлердің бірі.

Мерейтойлық іс-шарада қайраткер өміріне арналған арнайы кітап көрмесі өтіп, жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың «Комиссар Жүргенов» кітабы таныстырылды.

Т.Жүргенов ғұмырынан сыр шертетін театрландырылған қойылым ұсынылды.

Дереккөз: kazgazeta.kz

Басқа жаңалықтар
13-10-2026
Қазақстан әдебиеті Германиядағы ірі кітап жәрмеңкесінде таныстырылды
7-11 қазан аралығында Германияның Майндағы Франкфурт қаласында Frankfurter Buchmesse 2026 халықаралық кітап жәрмеңкесі өтті. Қазақстанның ұлттық стендінде 15-тен астам отандық баспаның 300-ге жуық кітабы ұсынылды. Жәрмеңкеге 30-дан астам қазақстандық баспагерлер мен әдебиет саласының өкілі қатысты.
09-10-2026
Франкфурттегі кітап жәрмеңкесінде 300-ге жуық қазақстандық кітап таныстырылды
7-11 қазан аралығында Германияның Майндағы Франкфурт қаласында «Frankfurter Buchmesse 2026» 78-ші халықаралық кітап жәрмеңкесі өтіп жатыр. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жәрмеңкеде үшінші жыл қатарынан Қазақстанның ұлттық стенді ұйымдастырылды.
29-09-2026
ҚазҰУ студенттеріне Ұлттық мемлекеттік кітап палатасында арнайы шеберлік сағаты өткізілді
29-09-2026
«Жылдың 10 оқырманы» жобасының жеңімпаздарына 10 млн теңгеден беріледі
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Жылдың 10 оқырманы» республикалық жобасына арналған брифинг өтті.
07-09-2026
Қазақстан халықаралық кітап байқауында тоғыз жүлделі орынға ие болды
Қазақстандық баспалар ұсынған кітаптар Минск қаласында өткен XXIII «Искусство книги – 2026» халықаралық байқауында тоғыз жүлделі орынды иеленді. Байқау нәтижесі бойынша отандық авторлардың кітаптары екі бірінші, төрт екінші және үш үшінші орынды иеленді.
8 (727) 397-61-15
Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй
© 2026 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРЛІГІ АРХИВ, ҚҰЖАТТАМА ЖӘНЕ КІТАП ІСІ КОМИТЕТІНІҢ "ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК КІТАП ПАЛАТАСЫ" РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ