Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй. 8 (727) 397-61-15
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы
Басты бет / Жаңалықтар / Қазақ болғың келсе, «Қазақты» оқы!
Қазақ болғың келсе, «Қазақты» оқы!
29-02-2024

Кеңес кезіндегі ұйымдық идеологиялардың нәтижесі – бүгінде ұлт мәселесінің шешілуіне алып келді. Қордаланған, саяси жамылғыға бүркелген жағдай – тәуелсіздік алғаннан кейін қазақтың ұлттық мүддесі мен идеясының жасампаздық туын көтеруге себеп болды.

Ұлтын шексіз сүйген азаматтар ғана мемлекет тұғырын нығайтуды көздеп, атқарып жатқан қыруар жұмысын жарияға жар салмай-ақ, үнсіз ғана іс тындырады.

Сөзімізге арқау болған біртуар тұлға – Ғарифолла Әнес. Ол профессор, филология ғылымдарының докторы, «Жаңалық» саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аға ғылыми қызметкері, «Арыс» қорының (баспасының) директоры.

Ғұмырының 30 жылын баспа саласына арнаған ол, Алаш зиялыларының тағдыры туралы деректерді осыншама уақыт бойы жинап, том-том кітап жазу үшін архивтерде қонған, ел мен жер кезген.

Өзінің айтуынша, «мұның барлығы бізден кейінгі буын үшін қалатын құнды мұра. Тарихи жәдігер. Қазақстандағы бірлік пен тұрақтылық, әділдік пен ынтымақ, сенім мен жауапкершілік құндылықтарын насихаттау, патриоттық сезімді ояту мәселесі қай кезде де өзекті», деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Қазір Үшінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатыр. Ол – ақпараттық соғыс»

– Әлемдегі империялар ортасында ақпараттық соғыс болып жатыр. Дамыған елдер бар, озық және дамушы елдер бар. Осылардың ішінде Қазақстанның жағдайы белгілі. Екі үлкен империяның ортасында отырғаннан кейін 30 жылдан бері айтып келе жатқанымыз – ұлттық идеологияны күшейту.

– Сөзіңіз аузыңызда. Аға, жастарға ұлттық идеологияны қалай сіңіруге болады? Жалпы, Алаш зиялылары туралы, сүйегі қурап қалған адамдарды айтқаннан, ашаршылықты қайта қозғағаннан, репрессияны, қуғын-сүргінді айта бергеннен келіп-кетер пайда бар ма деген сауал туады…

– Өте орынды сұрақ. Ең бірінші патриотизм деген – өз отбасының, өз Отанының тарихын білуден басталады. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Президентіміздің өзі 2021 жылы «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде комииссиялар құру туралы»Жарлық шығарды. Мен сол мемлекеттік комиссияның мүшесі болдым, үш жыл бойы тынбай қыруар жұмыс атқарылды. Қаншама еңбектер шықты. Осыған дейін жабық жатқан архивтер қайта ашылды. Ашаршылық, алаш қайраткерлері туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивтерінде, жалпы қазақты құрсауда ұстаған империяның құжаттары бар. Мемлекет басшысының тапсырмасының нәтижесінде бұл құпия құжаттардың Әділет министрлігінде, Статистикалық басқармасында, ІІМ-де бар екенін білдік. Қазір міне, сол құжаттар табылып, жалпы саны 58 том кітап шықты. Шамамен 100 томға жуық еңбек осы коммиссияның жұмысының арқасында атқарылды. Академик М.Қойгелдиевтің басшылығымен 1929-1930 жылғы сол кездегі сот процестері екі том кітап болып шықты. Қазір 12 том болып, 1937-1938 жылдардағы «Алаштың ісі» шығып жатыр. Осылардың бәрі біздің өткен жолымызды көрсетеді. Өткенсіз болашақ жоқ. Мұны қалай жоққа шығаруға болады?..

– Патриотизмді нығайтуды Алаш зиялыларын танудан бастауымыз керек дейсіз ғой?

– Әлбетте. Біз атқарып жатқан қай жұмыстар да рухани құндылықты, мәдениетті, тарих пен әдебиетті дамытуға, балауса өскінге сіңіруге бағытталған. Осыған байланысты қазір үлкен жоба жасап отырмыз. Ол «Шерлі шежіре» деп аталады. 30 жылдан бері істеп келе жатқан жұмысымыз. Мұның 30 томы 1929 жылға дейінгі араб қарпімен шыққан газет-журналдардағы ең мықты дүниелер. Ішінде тарихымызға, ұлтымызға қатысты көсемсөздер, публицистикалық мақалалар, әсіресе сол кездері шырылдап, Алаш зиялыларының «қайда барамыз, не істейміз?» деген жанайқайлары осы кітап бетіне түсті. Быдтырғы жылдың аяғында сол 30 томның 10 томы жарыққа шықты. Мұның 7 томы – «Қазақ» газеті. Яғни «Қазақ» газетінің 1913 жылдан бастап 1918 жылға дейінгі толық корпусын жасап шықтық. Бір сөзін қалдырмай, бұрмаланбай, тіптен жарнамаларына дейін қамтылып, араб қарпінен қазіргі жазу үлгісіне көшіріліп, оқырманның қолына тиді. «Айқап» журналының корпусы да – 7 том болды, оның ерекшелігі – ол тұңғыш ұлттық журналымыз болғандыөтан факсимильдік нұсқада жарық көреді. Былтыр екі томы баспа бетін көрді, биыл бес томын шығарғалы отырмыз. Бұрын еш жерде жарияланбаған «Сарыарқа» газетінің 1917-1919 жылғы қолда бар сандары  түгел (әлі 12 нөмірі табылмай отыр), ең бастысы, Қазақстанда бір адам әлі оқымаған 1919 жылы 20 номері кітап болып шықты. Бұлардың ішінде керемет дүниелер бар. Биылғы жоспарымызда осы «Айқап» журналын толықтау, тұңғыш ұлттық газетіміз «Қазақстан»басылымын, «Абай», «Сана» және «Таң» журналдарының толық корпусын оқырман қолына тигізу.

– «Қазақ» газеті – қазақты алға сүйресе, «Айқап» журналы – кейін тартты» деген ғалымдар арасында пікір қалыптасқан. Бұған не айтасыз және жастарды бұған қалай қызықтыра аламыз?

– Бұл жинақтар, тың фактілерден құралған. Ешбір зерттеушілердің қолына тимеген. Себебі бізде зерттеушілер орыстілді, қазақтілді болып бөлінеді. Орыстілділер болса, мұндай қазақтілді газет-журналдардың бар екенінен бейхабар. Ал қазақ зерттеушілерінің өзі бұл басылымдар араб қарпімен жарық көргендіктен, 90-95 пайызы  мұны мүлде оқымаған. Оқыса да, тек қана архивистердің, кейбір ізденушілердің зерттеулері арқылы ғана біледі. Біз бұл кітаптарды жастарымыз оқысын, тарихымен таныссын, отаншылдығы артсын деп, Ұлттық және Ғылыми кітапханаларға осы кітаптарды жеткізіп бердік. Сұмдық ажиотаж болып жатыр. Бұл сіздің жастардың көбі тарихи деректерге қызыға бермейді дегеніңізге жауап. Түсінікті, ұғынықты жазылған. Әр бетінде «Қазақ» газетінің 266 номерінде А.Байтұрсыновтың мақалалары, Ә.Бөкейхановтың, М.Дулатұлының «Алаш партиясы қалай құрылды», «Дүниежүзілік соғыс» тағы көптеген ауқымды мәселелер қамтылған. Соның ішінде «Қазақ» газеті – қазақтың ұлттық энциклопедиясы деп айтып келеміз. «Қазақ» газетінбұған дейін тек қана тарихшылар, әдебиетшілер, филологтар ғана қарастырып келсе, енді алдағы уақытта заңгерлер, экономистер, мәдениеттанушылар, тіптен теологтар да жата жастана зерттейтін болады. Кітаптың әр бетінде қанша мешіт ашылып, алаш зиялыларының қайда оқығаны, медреселердің тарихы түгелімен берілді. Одан соң экономикаға байланысты 1913-1917 жылға дейінгі  барлық жәрмеңкелердегі бағалар айқын көрсетілді. Осылайша қазақтың қоғамдық ғылымында төңкеріс әкелетін дүние жасалмақ. Алдағы уақытта сала-сала бойынша бөліп, орыс тіліне аударатын боламыз. Бұл – бұған дейін шалажансар айтылған, мүлде айтылмаған  тарих. «Қазақ» газеті – қазақты алға сүйресе, «Айқап» журналы – кейін тартты» деген ақпараттардың тарағаны рас. Ол рухани құндылығымыздың бастауы болған құнды жәдігерді өскелең ұрпақ тың зерттеу еңбектерден біле алады. Қарап отырсақ, «Айқап» журналының бар айыбы – қазақты отаршылықдыққа үндеді. Себебі «Айқаптың» айналасында ылғи қазақтың діншілдері жиналды. Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы тойланған кезде, құрдасы Мұхаммеджан Сералин де сол жасқа толды. М.Сералин – бес жыл бойы «Айқап» журналын шығарып тұрған. Атақты поэмалары бар, үлкен қайраткер еді. 150 жылдығы аталмай, өкінішке орай елеусіз қалды. Осындай дүниелерді біз айтпасақ, жастар қайдан біледі?..   «Айқап» журналын оқитын болса, ол туралы сыни пікір айтқан ғалымдардың көзқарасы өзгеретініне сенімдімін. Себебі «Айқаптың» бар айтқаны – қазаққа оқу керек екені, яғни қала болып отырса мектеп, медресе, мешіт салынбақ, осылайша діннен айырылмау керектігі. Өйткені ол кезде қазақ жерінен айырылып, көшпелілігі тоқтаған кезде, қара шекпендер қаптап келіп жатқан заман болатын.

«Әр жұма Алаштың бір арысына Құранхатым түсіреміз!»

– Сіздердің тек кітап шығарумен ғана айналыспай, Алаш арыстарының мешіті мен музейін ашқандарыңыздан хабардармыз. Толығырақ айтып өтсеңіз.

– Иә, біз тек кітап қана емес, рухани құндылық пен ағартушылық саласын дамыту бойынша жұмыс істеп келеміз. «Жаңалық» деген жерден саяси қуғын-сүргін музейін аштық. Қазір музейдің жұмыс істеп тұрғанына 5 жыл. Бүкіл қуғын-сүргіннің трагедиясы толық қамтылған. Сондықтан жастардың патриоттығын оятып, санасына сілкініс әкелсін деп, музейге тың дереккөздерді жинадық. Онымен қоса, музей жанынан «Алаш арыстары» деген мешіт аштық. Әрбір жұма күні Алаштың бір арысына Құранхатым түсіріледі. Өйткені оларға кезінде жаназа шығарылмады. Атылып, сүйектері қурап қалды. Міне, осының бәрі патриотизм. Нәтижелі жұмысты тек іспен ғана көрсету керек. Жастарымыз өткен тарихымызды білмей, өз тектерін толық танымайды, елін шүбәсіз сүйе алмайды.

«Алашты пір тұтқан жаңа буын өсіп келеді!»

– Аға, патриоттық сезімді оятатын «Арысмедиа» порталының жөні бөлек. Сол туралы айтып берсеңіз.

– «Arysmedia» порталына кіріп көрсеңіздер, ішінде 4-5 сайт жұмыс істеп тұр. Болашақта 40-тан астам сайт болады. Оның ішінде 6-7 млн аштан өлген, атылған, босқынға түскен қазақтардың аты-жөнін мәлімдейтін боламыз. Мысалы, біздің үш сайт ашаршылық құрбандарына арналса, он шақты сайт үлкен көтерілістерге, оның басында болған тұлғаларға арналмақ. Бұл порталымыздың әу бастағы аты «Жоқтау»болатын, мүмкін болашақта сол атты қайта иеленетін шығар. Мұның соңы Түркістан легионымен аяқталады. 1941 жылы соғыстың бастапқы кезінде СССР әскері күйрей жеңіліп, Мәскеуге дейін шегіді. Осы кездерде әскери дайындығы мүлде жоқ, ауыл-селодан жиналып алған миллиондаған адам, тұтқынғатүсті. Әрине, немістің концлагерінің де оңып тұрғаны шамалы. Сол жерде су ішерлігі барлары, түрме азабын көргендер, соғыс аяқталған соң елге оралғанда, 10 жылға қайтадан сталиндік лагерге қамалды. Міне, олар сол кезде 20-25 аралығындағы  жап-жас жігіттер еді. Осын қанқасапқа түскен мыңдаған қазақ боздақтарының аты-жөндері, деректері осы порталда көрсетілетін болады. Порталда 200-ден астам Алаш қайраткеріне арналған вертуалды музей ашпақ ойымыз бар… Әрине, бұлар –  келешектің ісі. Міне, осындай нақты іс-шаралар жастарға үлгі-өнеге болып, Отанында осындай ардақты тұлғалар болғанын біліп, олармен қайта қауышса, жастарымыздың патриоттығы артатын шығар деген ой бар. Өз басым, Алматы кинотетрларында таяуда көрсетілген «Міржақып» фильміне 4-5 рет бардым. Ондағы мақсатым – ажиотаж болып жатыр, жастар сеанстан жылап шығып жатыр дегенді естіген соң, көзбен көру еді… Ия, көрдім, мен де көзімді шыладым, өйткені туған халқының тарихы толқытатын, Алашты пір тұтқан жаңа буын өсіп келеді екен… Бұдан артық бақыт, қуаныш болар ма?!.  

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Басқа жаңалықтар
02-05-2024
Алматыда Маралтай Райымбекұлының поэтикалық-концептуалды кеші өтті
02-05-2024
     ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына шығармалар қабылдауды бастады.
29-04-2024
Құрметті Маралтай Райымбекұлы!
29-04-2024
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Ғасырлар руханияты» көрмесі өтті
  Елордада алғаш рет рухани және мәдени тарихпен танысу мақсатында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ғасырлар руханияты» атты көрмесі өтті.
26-04-2024
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНЫҢ «БІРЛІК. ЖАСАМПАЗДЫҚ. ӨРЛЕУ» АТТЫ ХХХІІІ СЕССИЯСЫНДА СӨЙЛЕГЕН СӨЗІНЕН
8 (727) 397-61-15
Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй
© 2024 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы