Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй. 8 (727) 397-61-15
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі
Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы
Басты бет / Жаңалықтар / ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мұрындық болуымен балалар әдебиетінің мәселесі жан-жақты талқыланды
ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мұрындық болуымен балалар әдебиетінің мәселесі жан-жақты талқыланды
27-08-2021
 
Кеше ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мұрындық болуымен балалар жазушылары – Нұрдәулет Ақыш, Есболат Айдабосын, Көсемәлі Сәттібаев , Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева, әдебиет сыншысы Анар Қабдуллина, ҚР БҒМ ҰБА Президенті Ғани Бейсембаев, Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш, балалар жазушысы Зәуре Төреханова, баспагер Шайзада Байкенованың қатысуымен онлайн форматта алқалы жиын өтті. 

Кітап палатасының директоры биылғы жылдың «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жарияланғанын және оның мақсаты мен нақты міндеттерін атап өтіп, қазіргі уақытқа дейін атқарылған бірқатар жұмыстар туралы қысқаша баяндап берді. 
«Біз балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуына қолдау жасауды көздейміз. Ол үшін түрлі іс-шаралар мен балалар қаламгерлерін қолдау мақсатында байқаулар, әдеби бәйгелер ұйымдастырдық. Сонымен қатар, жүзеге асырылған және тиімділігі дәлелденген жобаларды жүйелі әрі дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп тұруды көздейміз», - деді ол. 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Қаһарманұлы аталмыш мәселеге қатысты кез келген ұсынысты қолдауға, ауқымды жобаларды жыл аяғына дейін жүзеге асыруға ынталы екенін жеткізді. 
«Біз осы жыл аясында және бұдан әрі қарай балаларға арналған түрлі тақырыптардағы мазмұны терең кітаптардың аталым және таралым санын арттыруды көздейміз. «Рухани қазына» атты әдеби фестиваль аясында балалар жазушыларына арналған арнайы номинациялар қарастырылмақ. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы былтыр «Балаларға арналған үздік шығарма» байқауын ұйымдастырып, Тәуелсіздік жылдарында балалар әдебиеті саласында қаламы қарымды бірнеше жаңа есімдердің шыққанын және оларды қолдау қажет екенін дәлелдеді. Біз осындай ұтымды жобаларды қолдай отырып, еліміздің балалар әдебиетінің әлеуетін көтеруге мүдделіміз», - деді комитет төрағасы. 

Қуат Қаһарманұлы әрі қарай қазақ балалар әдебиетінің өкілдері – қаламгерлердің пікірін тыңдауға және олардың ұсыныстарын қолдауға дайын екенін білдірді. 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Музей және кітапханалар басқармасының басшысы Пазылова Гүлзейнеп балалар әдебиетіне арналған жылда қолға алынған жұмыстар әрі қарай жалғасын табатынын мәлімдеді. 

«Қозғалған мәселелердің бәрі орынды. Біз биыл өтетін шараларды жүйеледік. Ол іс-шаралардың барлығы министрдің бұйрығымен бекітілген Кешенді іс-шаралар жоспарына енгізілді. Жоспар 67 тармақтан тұрады. Оның ішінде балалар әдебиеті, балалар кітаптарын шығару, кітапханашылардың мәртебесін көтеру, Нұр-Сұлтан қаласында балалар кітапханасын ашу және т.б. іс-шаралар бар. 
Балаларға арналған еңбектерді оқырманға жеткізу жолдарын қайта жүйелеу жұмыстарын қамтып отырмыз. Осы жұмыстар барысында Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен Ұлттық академиялық кітапхананың сіңірген еңбегі мол. 

Бүгінмен шаруа бітпейді. «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында басталған жұмыстар әрі қарай өз жалғасын табады», - деді ол. 

Осы орайда сөз алған белгілі балалар жазушысы, «Балаларға арналған үздік шығарма» байқауының жеңімпазы Көсемәлі Сәттібаев былай деді: 

«Мен көп сөйлемейін. Айтқым келетіні – Кітап палатасы сияқты мекемелерді, олар өткізіп келе жатқан жобаларды қаржыландыру арқылы ауқымын кеңейте отырып қолдау қажет. Былтыр осы мекеме өткізген «Балаларға арналған үздік шығарма» байқауы аясында біз қаламгерлердің, оның ішінде жас есімдердің қалыптасқанын, олардың белсенділігін көрдік, көз жеткіздік». 

Көсемәлі Сәттібайұлы өз сөзінде қазақ балалар әдебиетін қолдау үшін ауқымды қаражат қарастыра отырып, түрлі іс-шараларды көптеп ұйымдастыру қажет екенін жеткізді. 

Ал Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» аясында біршама жұмыстардың жүзеге асырылғанын және алда әлі бірқатар жобалар жарыққа шығатынын жеткізді. 

«Жазушылар одағында Балалар әдебиеті секциясы жұмыс істейді. Оның басы-қасында осы жерде отырған Нұрдәулет Ақыш, Байбота Қошым-Ноғай сияқты ағаларымыз бар. Бердібек Соқпақбаевтардың деңгейіндегі әдебиет қалыптастыру керектігі – осы саланың жанашырларының барлығына белгілі жайт. Кітап шығару және балаларға арналған кітаптарды шығару ісі жанданып келеді. Оған өзіміз осы Кітап палатасымен бірігіп өткізіп келе жатқан іс-шаралар барысында куә болып отырмыз», - деді ол. 

Бұдан бөлек, Есболат Айдабосын, Анар Карабалина, Бауыржан Ғұбайдуллин, Ғани Бейсембаев сынды азаматтар аталмыш мәселеге байланысты өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. 

ҚР БҒМ Ы.Алтынсарин атындағы Білім академиясының басшысы Ғани Бектайұлы қос министрлік арасындағы өзара серіктестік қарым-қатынасты нығайтып, соның нәтижесінде Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан шығарылатын балаларға арналған еңбектерді мектеп кітапханаларына да жеткізу туралы мәселе көтеріп, нақты іске көшуді ұсынды. 

«Осы басқосуды ұйымдастырып отырған Кітап палатасына шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Бәріміздің бүгін айтып отырған мәселеміз – осы салада еңбек етіп келе жатқан қаламгерлердің жанайқайы. Балалар тағдыры – болашақ тағдыры. Болашақты сапалы етіп қалыптастыру – міндетіміз. Біз көтеріп отырған мәселе – үлкен жұмыстың бастамасы ғана», - деді Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева. 

Жиын қорытындысын белгілі балалар жазушысы Нұрдәулет Ақыш жасады. Ол балалар әдебиетінің барша жанашырларына алғыс білдірді. 

«Бүгінгі балалар әдебиеті жөніндегі басқосуға қатысқан әрбір азамат статусынан тыс мақтауға лайық. Кітап палатасының осы ретте атқарып отырған жұмыстарының маңызы, салмағы орасан зор. Биыл балалар әдебиеті мәселесі көтерілгеннен кейін осы іс-шараға жан-жақты үн қосып келе жатқан қос мекеме – Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен Ұлттық академиялық кітапханаға төтенше разылық білдіреміз. Былтыр Кітап палатасы ұйымдастырған бәйгеге келген қолжазбаларды тексеретін комиссияда болдық, бола отырып балалар қаламгерлерінің белсенділігін, ұмтылысын көрдік. Сол бәйгеде Әділ Қаженбайұлы қаржы қарастырып, тоғыз номинация бойынша ақын-жазушыларды марапаттадық. Түсінген кісіге, бұл – үлкен қолдау. 

Кейбір жастар қазақ балалар әдебиетін өзінен бастағысы келеді. Өйткені, оқымаған, өткенін білмейді. Өткенде ғана мен Жазушылар одағында болдым. Сонда сөйлескенде мынандай мәселе шықты: қазақ балалар әдебиетіндегі жазушылар – момын кісілер. Олардың қатарында Сұлтан Қалиев, Оразбай Байбақов, Ермек Өтетілеуов, айта берсек көп. Бұл кісілер көп сөйлемейтін, жұрт алдына шықпайтын. Сөйте тұра, жазғандары – ғажайып. Осындай мол мұра қалған есімдерді жоққа шығару – масқара. 

Рухани сабақтастық, ұрпақ сабақтастығы деген мәселелерге ерекше қарау керек. Қазір балалар қаламгерлерінің қатары 80-ге тартады. Ұмтылыс бар. Кейінгі ұрпақтың бір кемшілігі: әдеби көркем тілді меңгермеген, тақырыпқа жан-жақты зерттеу жүргізе бермейді. Бұрын жазылған тақырыптарды олпы-солпы қайталау бар. Сондықтан, әдебиетке келіп жатқан жастардың ішінен таланттарды іріктеп алу өте маңызды», - деді жазушы. 

Жиын соңында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш барша ұсыныстарды тіркеуге алғанын және шама-шарқынша орынды ұсыныстарды жүзеге асыру мәселелерін қарастыратынын айтты.
Басқа жаңалықтар
27-09-2024
Кітап оқуға үндейтін жоба
12-08-2024
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының қарасөздерін оқу челленджі.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының қарасөздерін оқу челленджі. Челленджді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің ұстаздарына жолдаймыз.
09-07-2024
Мерекелік күндер тізіміне тағы бір мереке қосылды: 23 сәуір - Ұлттық кітап күні.
Үкіметтің 2024 жылғы 29 маусымдағы Қаулысымен Қазақстан Республикасындағы мереке күндерінің тізбесіне тиісті толықтырулар енгізілді. Мерекелік күндер тізіміне тағы бір мереке қосылды: 23 сәуір - Ұлттық кітап күні.
05-07-2024
Қаншама еңбек, қаншама тер…
3 шілде ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап Палатасының «Мемлекеттік библиография (қазақ тобы)» бөлімінің мамандары Сарсенбаева Асемай Нұртайқызы, Болатова Жаннұр Болатқызы, Әлімберді Ләззат Айтжанқызы ҚазҰУ журналистика факультетінің  магистратурасын тәмамдап, диплом алды. Кітап Палатасының басшылығы жастардың оқуға деген қызығушылығын қолдайтынын алға тарта отырып, ұжым мамандарға  ізгі тілек білдіріп,құттықтады.
01-07-2024
Әдеби сыйлық, тың жобалар: қаламгерлерді қолдау үшін қандай шаруалар атқарылып жатыр?
Президенттік арнаулы әдеби сыйлыққа 18-35 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады
8 (727) 397-61-15
Алматы қаласы, Медеу ауданы, Пушкин көшесі, 2/76 үй
© 2025 Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы